Жарияланды: 710

Қазақстанға импортталатын бірқатар азық-түлік өнімдерінде улы заттар анықталды

2011 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға мипортталған бірқатар азық-түлік өнімдерінде улы заттар анықталды, деп Мемлекеттік стандарттың мемлекеттік бақылау, талдау және мониторинг басқармасының бастығы Асхат Хасенов мәлім етті.

«Бірінші жартыжылдықта (2011 жылғы – ҚазТАГ) азық-түлік өнімдерінде 585 тексеріс жүргізіліп, олардың 371-інде бұзушылықтар анықталды, бұл 63,4% құрайды», - деді ол дүйсенбі күні брифингте. «Мысалы, Ақмола облысында Ресейде шығарылған «Ерекше арпа ботқасы» өнімін тексергенде оның құрамында «қалайы» тым артық екендігі анықталды. ШҚО-да ауыр металлдар, дәлірек айтсақ, «Шипалы сыйлық» атты сусында күшән бар екендігі анықталды», - деді басқарма бастығы. Одан басқа, саудадағы көптеген өнімдер микробиологиялық талаптарға сай келмеген. «Ішек таяқшалары бактериялары Ресейде шыққан «Говядина тушеная», «Свинина тушеная» консервілерінде, Қырғызстанда шыққан «Веселый молочник» қаймақ майында, Ресейде шыққан бірнеше шұжық өнімдерінде: «сардельки в натуральной оболочк», «колбаса вареная», «копченая минская» шұжықтарында анықталған», - деп санап шықты А. Хасенов. Тексеріс барысында балаларға арналған алмадан жасалған «Я» шырынында «саңырауқұлақтар» анықталған. Ресейде шығарылған «Добрая долина» бройлер тауық балапандарында сальмонеллалар анықталды. Өзбекстаннан әкелінген қарбыздарда нитрат құрамы көптігі анықталды. Басқарма бастығының айтуынша, «аталған бұзушылықтар тасымалдау және сақтау ережесін бұзғандықтан орын алған». «Осы анықталған жағдайларға қатысты барлық шаралар қабылданып, жеткізушілерге тиісті ескертулер жіберілді, оларға қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылды», - деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін