Ең жеңіл салмақ дәрежесінде 49 келіде өнер көрсетіп жүрген Жомарт Ержан Индонезия боксшысы Корнелиус Вангулангті тізе бүктірді. Әділет Құрметов 52 келі салмақта КХДР спортшысы Ким Хун Чунді жеңсе, Дәурен Елеусінов 81 келі дәрежеде Әзірбайжан елінің үкілеп қосқан саңлағы Рауф Рагимовті ойсыратып салды. Барлық үш кездесу қазылардың берген ұпайымен жеңіске жетті.
Ал Айдар Әмірзақов (64 келі) пен жақында ғана әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) өздерінің қарсыластарын нокаутқа жіберді.
Ертең ақтық сынға шығуға Қазақстаннан тағы төрт боксшы таласып көреді. Ержан Ордабаевқа (56 келі) Әзірбайжан боксшысы Тұрал Ахмедов, Сағадат Рахманқұловқа (69 келі) тағы бір әзірбайжандық Парвиз Багиров, Антон Пинчукқа (91 келі) украиндық Сергея Радченко, Нұржан Бекзатовқа (91 келіден жоғары) ирандық Делавари Ясем қарсы тұратын болады.