В.Божконың хабарлауынша, осындай бір қарақшылық шабуыл кезінде үш адам қаза тапқан.
ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасарының ақпаратына сәйкес, лаңкестік топ мүшелерін ұстау барысында олардан түрлі кітап-құралдар, лаңкестікке үндейтін бейне және аудиокассеталар, жасанды төлқұжаттар мен оларды жасауға арналған құрал-жабдықтар, жарылғыш заттардың құрамды бөліктері, қару-жарақтар мен оқ-дәрілер тәркіленді. «Қазақстандық лаңкестік топты басқарушы, Қазақстандық әмір деген атағы бар Жақшыбек Биймұрзаевтың Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматы екенін көрсететін үш төлқұжаты болған. Ол Ресей Федералдық әскерлері Шешен жерінде көзін жойған танымал далалық командирлердің бірімен бірге Тәжікстан мен Ауғанстанда діни және жауынгерлік дайындықтан өткен»,- деді В.Божко.
Арнаулы қызмет өкілінің нақтылауынша, «жамааттың» Өзбекстандық эмиссары болып тағайындалған Охмат Бекмирзаевпен бірге Жақшыбек Биймұрзаев Орталық Азия аймағындағы өз іс-қызметін 2002-жылдың екінші жартысынан бастаған. ҚР ҰҚК-нің мәліметі бойынша екі жетекші де лаңкестік іс-шараларды ұйымдастыру үшін «Аль Каиданың» тапсырмасымен «Өзбекстан мен Қазақстан аумағына өткен». «Бұл эмиссарлардың Қырғызстан аумағындағы Баткен оқиғаларына қатысқаны, «Аль Каида» жаттықтырушыларынан жарылыстарды жүзеге асыру, тыңшылық істеріне машықтанғаны белгілі болды».
В.Божконың айтуынша, екі жылда олар 50 өзбек, екі қазақстандық азаматты өз жақтарына шығарып алған. «Кейбір мүшелерді, көбінесе Өзбекстан тумаларын олар «Аль Каида» лагерлерінде арнаулы дайындықтан өткізу үшін алыс шетелдерге жіберіп отырған»,- деді ол.
Лаңкестерді ұстау операциялары «Қазақстанның бірқатар аймақтарында», атап айтсақ, Алматы, Павлодар және Семейде жүзеге асырылды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР ҰҚК Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей аумағында төтенше құпия жағдайда жұмыс істейтін, халықаралық лаңкестік ұйым — «Аль Каиданың» құрамына енетін лаңкестік топты жойды. ҰҚК-нің мәліметі бойынша, бұл топтың «Орталық Азия моджахедтерінің жамааты» атты топқа қарасты жекелеген мүшелері наурыз айының аяғы- сәуірдің басында және 30-шілдеде Өзбекстанда болған лаңкестік әрекеттерді дайындауға және оны жүзеге асыруға атсалысқан. Ал «Орталық Азия моджахедтерінің жамаатын» халықаралық лаңкестік ұйымы «Аль Каидамен» жақындасып алған «Өзбекстанның Ислам қозғалысына» қарасты содырлар құрған.