Нақтырақ айтсақ, 2021 жылдан бастап міндетті дактилоскопиялық және геномдық тіркеу енгізілмек. Ал, одан бас тартқандарға 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл жөнінде Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов мәлімдеді. Ол Мәжілісте тиісті заң жобасын таныстырып, аталмыш міндеттің тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, Қазақстанға келген шетел азаматтарына, еңбек мигранттарына және босқындарға да қатысы барын ескертті. Отандық мамандар бұл бастаманы халықаралық тәжірибеге сүйене келе енгізгелі отыр. Қазіргі таңда саусақ ізін тіркеу 100-ден астам мемлекетте бар.
— Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді енгізуге 37 млрд теңге қажет. Қажетті құрылғылар алып, арнайы зертханалар жасақтаймыз. Ал, ондағы ақпарат ІІМ мәліметтер қорында құпия сақталады, дейді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов.