Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары диалог алаңында кездесті
Астанадағы «Қазмедиа орталығында» республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының көрме-фестивалі өтіп жатыр. |
«Бүгін осы фестивальге 30-ға жуық бұқаралық ақпарат құралдары қатысуда. Бұл үлкен жұмыстың бастауы деп білемін. Ақпарат және мұрағат комитеті мен «Бас редакторлар клубы» бірқатар шараларды ұйымдастырды және біз көрме-фестиваль секілді алаңдар бүгінде жетіспейтінін анықтадық. Яғни, бұл шаралар өз кезегінде БАҚ редакцияларының жетістіктерін және басқа да қадамдарын көрсету үшін маңызды. Осы шараның Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқандығында нышандық мәні бар. Бүгінде қазақстандық ақпараттық кеңістік осы айтулы күнге үлкен жетістіктермен аяқ басты», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қалиянбеков.
Осы орайда комитет төрағасы бүгінде «Қазмедиа орталықта» 9 телеарна мен 3 радио жұмыс істеп жатқандығын, сондай-ақ алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түсетінін, аталған орталықтың мүмкіндіктері айтарлықтай жоғары екенін тілге тиек етті.
«Яғни, бұл алаң бұдан көп телеарналар мен радиоларды құруға ашық. Бүгінде Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде 2700-ден астам БАҚ жұмыс істеуде. Оның 80 пайыздан астамы мемлекеттік емес. Біздің медиа нарық қалыптасты деп нық сеніммен айтуға болады. Себебі бұл сала белсенді дамуда», - деді Болат Қалиянбеков. Сөз соңында комитет басшысы «Бас редакторлар клубы» биыл бес жылдық мерейтойын атап өткенін ескеріп өтті.
Өз кезегінде «Бас редакторлар клубының» президенті Кенжеболат Жолдыбай «Қазақстан Республикасының барлық БАҚ» тұңғыш көрме-фестивальді өткізіліп отырғанын айта келе, «бұл жұмыстар алдағы уақытта өзінің жалғасын табатынына менің еш күмәнім жоқ. Жалпы бүгінгі көрме- фестивальдің негізгі мақсаты - бұл бұқаралық ақпарат құралдары мен халықты етене жақындастырудың ұтымды тетігі деп есептеймін. Халық пен БАҚ жақын болса, яғни ашық азаматтық қоғам жолында маңызды деп санаймын», - деді.
Оның сөзіне қарағанда, фестиваль аясында шеберлік-сыныптары, тренингтер, БАҚ редакцияларының өздерінің оқырмандарымен, көрермендерімен, тыңдаушыларымен кездесуі ұйымдастырылмақ.
Көрме-фестиваль ауқымында Бас редакторлар клубының жыл сайынғы «Қазақстанның таңдаулы редакторы», сондай-ақ «Еуразияның алтын қаламұшы» сыйлықтары тапсырылады.
Шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Бас редакторлар клубы ҚР Тұңғыш Президенті күніне, ел Тәуелсіздігі күніне және Қазақстанның бас редакторлар клубының 5 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырып отыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін