«Өз басым «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясына мүсіркеушілік білдіремін»,- деді Қ.Қазкенов. Ол сондай-ақ, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметов Қазақстанға оралады және оның қарсы шағым беруге мүмкіндігі болады дегенге сенім білдірді. «Отан» төрағасының орынбасары Қазақстан заңнамасы Алматы қалалық сотына, одан кейін ҚР Жоғарғы сотына, тіпті болмай бара жатса ҚР Жоғарғы сотының төралқасына аппеляциямен жүгінуге мүмкіндік беретінін еске салды. «Қала берді Ата заңымыздың кепілі — Елбасымыз бар»,- деді Қ.Қазкенов.
Ал Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Қазақстандық өкілдігінің директоры Евгений Жовтис «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы оны тарату туралы сот шешіміне қарсы шағымды ертең, 11-қаңтарда бергелі отырғанын хабарлады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қалалық прокуратурасы 2004-жылдың 27-желтоқсанында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы тарапынан Қазақстан заңнамалары мен Ата заң талаптарын өрескел бұзуға байланысты «Саяси партиялар туралы» заңның 14-бабына сәйкес қоғамдық бірлестікті тарату туралы шешім қабылдау жөнінде Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық сотына шағым түсірген.
Прокуратураның атап көрсетуінше, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы» қоғамдық бірлестігінің 2004-жылғы 11-желтоқсанда өткен екінші құрылтайында саяси мәлімдеме қабылданып, онда партия қазіргі билікті халыққа қарсы бағытталған заңсыз билік деп танитынын, сол себепті әкімдер мен соттардың шешіміне мойынсұнбайтынын мәлімдеп, қоғамды батыл қадамдарға, бағынбаушылыққа үндеген. Прокуратураның пікірінше, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының» мәлімдемесі қазіргі билік жүйесіне жауластық көзқараста болумен бірге азаматтарды батыл бағынбаушылық әрекеттерге үндеп, әлеуметтік араздық тудырады». «Азаматтарды мойынсұнбауға шақыру арқылы ҚДТ мемлекеттің басқарушылық қабілетін нашарлату жолымен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Бұл әрекет саяси экстремизмге жатады».