«Қазақстанның діни алаңы тазартылды» - республикалық басылымдарға шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қазақстанның діни алаңы тазартылды» - республикалық басылымдарға шолу

«Қазақстанның діни алаңы тазартылды» - республикалық басылымдарға шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қазақстанның діни алаңы тазартылды» деген тақырыппен ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріппен болған сұхбат берілген.

  • 25 Қазан 2012
  • 426
Фото - Caravan.kz

«Осыдан тура бір жыл бұрын «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң өз күшіне енді. Аталған заңның 24-бабына сәйкес діни бірлестіктер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде жаңа талаптарға сәйкес өздерінің құрылтай құжаттарына қажетті өзгерістер енгізуге тиіс болатын», — дейді автор сұхбаттың кіріспесінде.

Одан әрі сұхбат жоғарыда аталған заңның шеңберінде қайта тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен ұйымдар жайында, жалпы еліміздегі діни ахуал тұрғысында өрбиді.

«Діни ұстанымына қарай да бірқатар өзгерістер болды, бірақ қалыптасқан конфессия­аралық тепе-теңдік сақталып қалды: ислам діні — 72%, православие — 9%, католиктік — 3%, протестанттық — 14%, қалған діни конфессиялар 2%-ды құрайды», — дейді Қайрат Лама Шәріп.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында бірқатар өзекті мақалалар жарияланды. Солардың бірі «Ала-құла аудармадан қашан арыламыз?» деген тақырыппен берілген.

Мақала авторы «шүкір дейік, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы күн сайын артып барады. Бүгінде бірқатар құжаттар қазақ тіліне тәржімаланып, қолданысқа енуде. Әйтсе де кей салада қазақ тілі әлі де жетімнің күйін кешіп жүр. Әсіресе, заң тілі, құқық қорғау тілі бірқатар ақсап отырғаны жасырын емес. Бір терминнің қазақ тіліндегі бірнеше нұсқасын қолданып жүрміз. Құқық тілі нақтылықты қажет етеді, сол себепті оны жан-жақты пайымдап, пысықтап алып, қолданысқа енгізу керек» дей келе, «Құқық қорғау саласындағы терминдерді біріздендіру» атты республикалық семинарға қатысушылардың осы мәселе жөніндегі пікірлерін береді.

«Қазіргі таңда заң тер­мин­дерін, құқық қорғау сала­сын­дағы терминдерді іріктеп, бір кітапқа жинап, шығаруды қолға алудамыз. Терминдердің қазақ тіліндегі нұсқасын кітап ретінде ғана емес, веб-порталға да дайындадық. Құқық қорғау саласында нақты аудармасы жоқ сөздер де кездеседі. Мә­селен, лидер, авторитет, камера сияқты сөздер әрқилы ау­дарылып келеді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде «подоз­ре­ваемый» деген сөз «сезікті» деп берілсе, кей жерде «күдікті» деп беріледі. Осы сияқты бір­неше мағынамен айтылатын сөздер баршылық», — дейді Ішкі істер министрлігінің Мем­лекеттік тіл және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Бақыт Серікханұлы.

Мақалада сондай-ақ, Қазақ гуманитарлық заң уни­верситетінің Ұлттық құқық жоғары мектебінің директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Унзила Ша­рапат­ұлының, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті тө­р­ағасының орынбасары Шерубай Құрманбай­ұлының пікірлері берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің № 190 санында бірнеше қызықты материалдар жарияланды. Солардың бірі «Шаш «шаруашылығы» шаршап тұр» деген тақырыппен берілген.

«Тазға тарақ не теңімнің» заманы өткен. Дегенмен «Таз болсаң, тақиядан көрме» дейміз тағы да… Иә, ғылым қарқынды дамып отырған мына заманда тазды қолаңшашқа айналдыру да түк болмай қалды. Оған таңғалудың өзі ерсі көрінетіндей ме, қалай?.. Расында, бүгінде әлемде қарқынды дамыған трихология ғылымының арқасында тазға шаш «егіп» өсіруде. Шаш шаруашылығымен айналысатындар көбейіп келеді, шүкір. Соған орай, шаш «ауруына» шалдыққандар да аз емес…» — дейді автор мақаласында.

«Қазақ қарызға өмір сүруге неге құштар?!» деген мақаладан несие алудың неше түрлі қиырын шарлап шығасыз.

«Бүгінде Қазақстанда банкке қарызы жоқ адам кемде-кем. Ақшаны тегін беріп жатқандай алады, ал артынан еселеп қайтаруға қауқары жетпей, өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеп барады. Батыстан енген осы бір несиеге өмір сүру үлгісі біздің қоғамда сәнге айналғандай, пайыздық үстеме ақысының шарықтап тұрғанына қарамастан, жыл өткен сайын несие алушылар да, қарыздың көлемі де артып келеді. Психологтер несиеге құштарлық — ауру десе, экономистер банк қарапайым халықтың қаржылық сауатының төмендігін пайдаланып, алдап отыр деген пікірде» дейді газет.

Соңғы жаңалықтар