«Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту — Қазақстанды әлемдік экономикаға кіріктіру жолындағы бір қадам. Бұл қадам экономикалық реформалармен нығайтыла түсуде. Нарықтық ашық экономика құру жолын таңдап алу арқылы біз біртіндеп экономиканы ырықсыздандыру мен құрылымдық реформаларды жүзеге асыра бастадық. Біздің бұл ісімізді дүниежүзілік қауымдастық қолдай қадағалап отыр»,- деді президент өз сөзінде.
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуі бірнеше негіздемеге байланысты өзекті болмақ.
Біріншіден, ұйымға мүшелікке өту қазақстандық тауарлар мен қызмет түрлері үшін ұйымға мүше -елдердің рыногына шығуға артықша қолайлы жағдай тудырады.
Екіншіден, ұйымға мүше болу арқылы Қазақстан өз өнімдерін ұйымға қосылған басқа елдердің нарығына осы елдердің өз ішіндегі тасымалдау тарифтерімен шығара алады,- деді президент өз сөзінде.
Үшінші негіздемеге келсек, қазір Қазақстаның тауар айналымының 50 проценті Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткен елдердің үлесіне тиеді. Ал аталмыш ұйымға Ресей мен Украина қабылданған жағдайда еліміздің тауар айналымындағы осы елдердің үлесі 90 процентке дейін артады. Сол себепті еліміз үшін ортақ құқықтық кеңістік аясында ірі сауда әріптестермен сауда-саттық жүргізудің маңызы зор.
Төртіншіден, Қазақстан заңнамасын Дүниежүзілік сауда ұйымының ең өзекті келісімдерімен сәйкестендіру — сайып келгенде отандық өнім өндірушілердің бәсекелестік қабілетін арттыруға септігін тигізуге тиіс.
Бесіншіден, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өткеннен кейін оған мүше елдер тарапынан қазақстандық өнімдерге қатысты қазіргі бар шектеулер алынып, жаңадан ондай шектеу енгізілмейтін болады.
Алтыншысы, қызмет рыногына қол жетізу тұрғысында Қазақстанға жүктелетіән міндеттемелер қаржы, телекоммуникация және көлік секторы сынды экономиканың шешуші секторларын одан әрі либерализациялауға алып келеді. Ал бұл өз кезегінде нарықтық реформаларды тереңдетуге септігін тигізеді.
Жетіншіден, сыртқы сауда режимдерін Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына сәйкестендіру — процедуралардың ашықтығын күшейту арқылы сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін қысқартады, — деді Елбасы.