Eurasian Resources Group (ERG) компаниялар тобының акционері, танымал бизнесмен Әлижан Ибрагимов қайтыс болды. Бұл ақпаратты ERG-дің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстанға растады.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сәйкес, Ибрагимов коронавируспен ауырған. Ал жағдайы нашарлап кеткеннен кейін Бельгияға емделуге барған. Бірақ індетті жеңе алмады.
Әлижан Ибрагимов – ERG-дің ірі акционерлерінің бірі. 1954 жылы 5 маусымда Өзбекстанда дүниеге келген. Қазақстан азаматы. Алты баласы бар, барлығы – ұл.
Әлижан Ибрагимов 1974 жылы Мәскеу ветеринарлық академиясын "өндірістік тауарлардың саудасы мен өндірісін ұйымдастыру экономикасы" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарында бастады. Алдымен экономист болды, одан кейін басшылық қызметке тағайындалды. "Невада-Семей" АҚ бас директоры, басқарма төрағасы және президенті болды. Ал 1995-2000 жылдары Еуразиялық банктің директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
2001 жылы Еуразиялық өнеркәсіп қауымдастығының президиум құрамына енді. Ал бір жылдан кейін осы қызметпен қатар "ТНК "Казхром" АҚ-сын басқарды. Сондай-ақ, " Казақстан Алюминий" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды.
Әлижан Ибрагимов Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін "Құрмет" орденімен марапатталған. Бұдан бөлек, III дәрежелі "Парасат" пен "Барыс" орденін алды. Ал 2020 жылы коронавируспен күреске қосқан үлесі үшін "Халық алғысы" медалімен марапатталды. Бизнесмен "Жаңа Павлодар" қоғамдық қорына 100 миллион теңге көлемінде қайырымдылық жасады. Алматыға да дәл сол соманы жіберді.
Forbes басылымының ақпараты бойынша Ибрагимов Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарына кірген.
Ибрагимов Eurasian Resources Group ірі акционері болған. 1992 жылдан бері Александр Машкевич пен Патох Шодиевтің серіктесі.
Eurasian Resources Group – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі.