Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденов дүниеден озды - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+31 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденов дүниеден озды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденов дүниеден озды

2012 жылғы 13 желтоқсанда 59 жасқа қараған шағында ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденұлы Шаймерденов қайтыс болды.

  • 14 Желтоқсан 2012
  • 1361
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы бүгін «Егемен Қазақстан» газеті хабарлады.

«Ербол Шаймерденұлы — са­налы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына арнаған қоғам қайраткері. Ол мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде 1992 жылы қа­былданған мемлекеттік рә­міз­дерді әзірлеу, ұлттық геральдиканы қалыптастыру ісіне ай­тулы үлес қосты, еліміздің мемлекеттік рәміздері туралы бірнеше еңбектер жазды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ербол Шаймерденұлы әдебиет әлемінде өз қолтаңбасын қалдырып, бірнеше өлең кітаптары жарық көрді. Бірқатар ғылыми-зерттеу еңбектері, публицистикалық жинақтары рухани мұрамыздың қорын толықтырды. Жалпы алғанда 20-ға жуық кітаптың авторы атанды.

Олардың қатарында «Көңіл суреті» (1995 ж.), «Жүректегі жазулар» (2004 ж.) атты жыр жинақтары, «Тыңда тоғысқан тағдырлар» (1989 ж.), «Қазақ елінің рәміздері» (1993 ж.), «Елтану әліппесі» (1998 ж.), «Әз Астана» (1999 ж.), «Қазақстан Республикасының рәміздері» (2001 ж.), «Ақыл-ой антологиясы» (2004 ж.), «Қазақ афоризмдері» (2008 ж.), «Даналық дидары» (2002 ж.), «Мәңгілік мұрат» (2003 ж.), «Ақиқат айнасы» (2004 ж.), «Елтаным» (2005 ж.) және басқа туындылары бар. Еңбектері бірқатар шет тілдеріне тәржімаланды. Сонымен бірге, «Арман қала — Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай», т.б. жазған бірнеше ән мәтіндері тыңдарманға жол тартты.

Білікті аудармашы ретінде әлемдік философиялық ой-пікірлерді қазақ тіліне тәржімалады. Әлемдік афористика классиктерінің, А.Камю, Ф.Ницше, Х.Ортега-и-Гассет, К.Ясперс, М.Хайдеггер сияқты философ қаламгерлердің бірқатар шығармаларын аударып, жариялады. Қазақ авторларының туындыларын орыс тіліне аударумен де шұғылданды.

Ербол Шаймерденұлы еліміздің алғашқы баспасөз қызметін құруға еңбек сіңірген танымал журналист. 1989 — 1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Баспасөз орталығының жетекшісі қызметін, 1991 — 1996 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің баспасөз хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің баспасөз хатшысы міндеттерін зор жауапкершілікпен атқарды. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар қажырлы еңбек етті. Соңғы уақытта ол Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып қызмет етті.

Ербол Шаймерденұлының сіңірген еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болды. 2006 жылы ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болып, 2011 жылы «Құрмет» орденімен наградталды. М.Дулатов атындағы сыйлықтың иегері атанды.

Ербол Шаймерденұлының есімі қазақстандықтардың жадында әрдайым сақталады», — деп жазды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі.