Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың туғанына 100 жыл толды - kaz.caravan.kz
  • $ 511
  • 602.72
-6 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың  туғанына 100 жыл толды

Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың туғанына 100 жыл толды

Биыл қазақ өнерінің шоқжұлдздарының бірі, Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың туғанына 100 жыл толып отыр.

  • 9 Тамыз 2012
  • 1779
Фото - Caravan.kz

Уақыт көші озған сайын асылға айналған біртуар дарын иелерінің жұлдызы жарқырай түседі. Алыстаған сайын биіктей түсіп, әуезді үнімен тыңдаушысының сағынышына айналған сүйікті әншіміз Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова жайлы айтылар ой мен шертілер сыр әлі де аз емес.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сахна шебері, Жамал апамыздың үнін ес білгелі бойымызға сіңіре өскен біздер үшін құлақтан кетпес жүрек тебірентер бұл әндер өткен күнге деген сағынышымызды арттырады.

Әншінің жан-жүректен шыққан қоңыр дауысы ғасыр қойнауында өзінің өміршеңдігімен жаңғырып, ұрпаққа жеткен рухани азық. Майталман әншіміз табиғи дарынының арқасында халқымыздың аяулысына айналды. Әншінің өмір өткеліне барлау жасасақ, қазақ өнерінің аға буын өкілдерінің бірі — Жамал Омарова 1912 жылы Ташкент қаласының түбіндегі Жаңажол ауданына қарасты Қауыншы аулында дүниеге келді. Бала кезден әнге құштар болғанмен әуелде әнші болам деген ой болмаса керек.

Ол 1924 жылы Ташкент қаласындағы ағарту институтының жанындағы қазақ мектебінде, 1929-1932 жылдары орман техникумында, кейін рабфакта және Орта Азияның тау-кен институтында оқыды. Оқи жүріп, алқалы топ, дүбірлі жиындарда ән салып, жүрген ортасын думанға айналдырып, елді аузына қарататын.

Қашанда маңайына нұр шашып, жақсылығын аямай жүретін өнер жанашырлары болады. Солардың бірі — Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбеков еді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін киелі өнер жолы басталды. Бала кезінен бойына сіңген халық әндері, Құрманбек ағасынан үйренген «Ләтипа», «Сандуғаш», «Қос етек», «Еділ бойы» әндері ендігі жерде үлкен сахналарда шырқалатын болды. Жамалдың ән айтқан сайын сахналық шеберлігі арта түсті.

Жамал Омарова Алматыға келген соң бірер жыл қазақ музыка театрында қызмет етті. Осы театрда Жамал «Шұғада» Мақпал, «Айман-Шолпанда» Айман, «Ертарғында» батырдың анасы, «Қыз Жібек» операсында Дүрияның рөлінде ойнады.

Жамал 1935 жылы Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясына әнші болып орналасты. Күнделікті дайындық, ізденіс, бағдарламаны жаңарту — осындай қат-қабат тіршілікте шаршамай, әнші асқақ рухпен ән сала жүріп, аз уақыттың ішінде өз тыңдаушысын тапты.

Жамал Омарова 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде қазақ сахнасының шеберлерімен бірге ұлттық мәдениетіміздің бүгінін әлемге паш етіп, көрерменін тамсандырды. Бұл жолы әнші «Ертіс», «Қараторғай», «Ләтипа» әндерін орындап ел құрметіне бөленді.

Жамалдың Мәскеу жұртшылығына өнер көрсеткені жайлы кезінде Ахмет Жұбанов былай деп жазған: «Ертеңінде бәріміз асыға күткен онкүндіктің қорытынды концерті өтті. Александар Затаевич үлкен театрдың әртістер кіретін есігінің алдында мені әдейі тосып тұр. Ол маған жылы сөзін айтып залға кіріп кетті. Мен Жамал Омарова ерекше орындаған «Қараторғай» әнін биске қайталаттым», — деген екен Ахаң.

Жамал Омарованың ән бағдарламасы мол еді. Ол көп ұлтты еліміздің тілінде ән шырқады. Өзбектің «Чайилик», қырғыздың «Перизатой», «Ой тобо», татар әні «Сағыну», «Сандуғаш», «Гүлшара», украин әні «Менің ұйқым келмейді», «Барвиночек», орыс әні «Ой, сен кең дала», «Көңілді күндер болған еді» әндері әншінің концерттік бағдарламасынан түскен жоқ.

Ол осы әндерді орындай жүріп, 1939 жылы Бүкілодақтық эстрада әртістерінің конкурсының жүлдегері атанды.

Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында алдыңғылардың бірі болып Солтүстік, Батыс, Қиыр Шығыс майдан шептерінде жоғары рухта әндерді шырқап, майдандағы жауынгерлерге мәдени қызмет көрсетті.

1942 жылы Жамал Омарова Орта Азия әскери комиссариатына хат жазып, арнайы ансамбль құрып соғысқа аттанды. Екінші ансамбльді Күләш Байсейітова басқарады. Оның құрамында Әнуарбек Үмбетбаев, Үрия Тұрдықұлова, Манарбек Ержанов болады.

Енді Жамал Омарованың майдан естелігі жайлы біле отырсақ:

Жамал: «Майдан даласы, жаңбыр, лайсаң кез. Машина тоқтап жүрмей қалады. Жауынгерлер ағашты кесіп, доңғалақтың астына салып, бізді өткізіп жібереді. Концерт қоярдың алдында маңайымызға жасанды ағаш қадап қояды. Біздің алғашқы концертіміз Балдай деген жерде болды. Бұл жерді біздің алдымызда ғана бомбалап кеткен. Елубай аға күлдіргі ән айтып, Манарбек «Аққайың», «Сырымбетті» айтады. Солтүстік Батыс майданында талайында талайды көріп Мәскеуге оралдық. Сол жолы Мәскеуде үш-төрт күн концерт қойдық. Үйге келе Қиыр Шығысқа концерт қоюға кеттік. Концерт сапарында туысқан республикалардан Тамара ханум, Әбділәз Малдыбайұлы болды. Біз Хабаровскіге келгенде Өзбекстанның әртістері концерт қойып жатыр екен. Әр тілде айтқаннан кейін менің әндерімді ұзақ тыңдады: Маған Қиыр Шығыстан келгеннен кейін Қазақстанның халық әртісі атағын берді…»

1948 жылы Жамал Омарова Мәскеудегі Одақтар үйінің колонна залында жеке шығармашылық кешін өткізіп, ел қошеметіне бөленеді. Туған халқын әнімен әлдилеген аяулы әнші 1960 жылдан «Қазақконцерт» бірлестігінде қызметке орналасып, жеке топ құрып еліміздің түкпір-түкпіріне өнер сапарымен барып, тыңдаушысын тамсандырды. Сол кезде әншінің қасында өнер саңлақтары Дәулет Мықтыбаев, Зейнеп Досмұхамедова, Әнуар Өтеғұлов, Манарбек Ержанов сынды әнші-күйшілер бірге жүретін. Солардың ішінде концерт жүргізуші Тынышбек Бұйрабаев пен оның жұбайы Изатбүбі Бұйрабаева да бар болатын:

«Жамал апа аңқылдаған ашық мінезді, ақкөңіл, мінезі жібектей адам еді. Барлық адамды өзіне дос, бауыр тұтып, айналып-толғанып отыратын», — деп еске алады Изатбүбі.

Әр әншінің жұлдызын жарқыратар әсерлі әні болады, Жамалдың сүйіп айтатын әні болады. Жамалдың сүйіп айтатыны — Евгений Брусиловскийдің «Алтай» әні. Кезінде:

«Айта, айта, «Алтайды»,
Жамал апа апай қартайды», — дейтін осы ән.

Жамал апай арнайы білімі болмаса да топты жарып драма актрисасы, опера әншісі болуы Алланың берген ерекше дарыны. Жамал Омарова — қазақ өнерінің алып бәйтерегі. Ол — эстрада өнерінің негізін қалаушы, сол жанрға да еңбегі сіңген майталман әнші.Жамал Омарованың майдақоңыр мақпал үнімен тыңдаушысын бірден баурап, өткенін аңсататын киелі өнері кейінгіге асыл мұра, өнегелі ісі ұрпағымызға үлгі деуге болады.

Қазақстан тәуелсіздік алып, әнұранын жаңартты. Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова орындаған Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні көк байрағымыз көтерілгенде шырқайтын гимнге айналды. Әнші бұл әнді бұдан жарты ғасыр бұрын үлкен мақсатпен орындаған.

«Өмірбаяндық мәліметтер мен нақты деректер Жамал Омарованың қызы Жұпар Омаровада және Орталық мемлекеттік кинофото фоноқұжаттары мұрағатында сақтаулы», — дейді осы жолдардың авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева.

Перейти к новостям спорта