"Қазіргі антимонополиялық заң экономика салаларын монополиядан арылту үрдісіне тиімді ықпал етуге қабілетсіз және нарықтың адал субъектілерінің мүдделерін толығымен қорғай алып отырған жоқ", - деді М. Есенбаев.
Ол сондай-ақ, қазіргі заңды толық түсінбеу және оны орындамау салдарынан жыл сайын заң бұзушылықтар саны артып келе жатқанын хабарлады. Мысалы, нарық субъектілері егін егу және егін жинау науқандары кезінде жанар-жағармай бағасын, жылыту маусымы кезінде көмір бағасын барлық жерде қымбаттататыны жыл сайын байқалады.
Бәсекелестікті қорғау агенттігі Қазақстан Республикасының 2006 жылдың 7 шілдесіндегі "Бәсекелестік және монополиялық қызметті шектеу туралы" заңының 7-бабына сәйкес өз нәтижесі арқылы бәсекелестікті шектейтін немесе шектей алатын нарық субъектілері арасындағы кез келген түрдегі толығымен немесе жартылай қол жеткізілген келісімдерге (келісілген іс-әрекеттерге), оның ішінде, келісілген бағаны немесе тауарды сату және сатып алудың басқа да талаптарын орнатуға байланысты келісімдерге (келісілген іс-әрекеттерге) тыйым салынатынын және ҚР заңымен белгіленген тәртіппен күшсіз деп танылатынын еске салады.
"Жанармай нарығын талдау нәтижелері бұл нарыққа үш ірі компания монополия орнатқанын көрсетеді. Олар: "ҚазМұнайГаз" сауда үйі" АҚ, "ПетроҚазақстан" сауда үйі" АҚ және "Гелиос" ЖШС. Сонымен қатар, нарықта көптеген делдалдық құрылымдар жұмыс істейді", - деп атап көрсетті Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы.