Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық вакциналау паспорты үш елде мойындалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
"Қазір үш ел екіжақты форматта вакциналау паспорттарын өзара мойындау туралы ниет білдірді. Олар – Моңғолия, Венгрия, Таиланд. Біз қазір олармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан бөлек, Түркия, Кипр және барлық елдің вакциналау паспортын мойындайтын елдер және тағы басқалары", — деді Цой баспасөз мәслихатында.
Ол қазір сыртқы істер министрлігі серіктес елдермен вакциналау паспорттарын өзара мойындау мәселесін пысықтап жатқанын атап өтті.
Бірақ, министрдің айтуынша, кез келген елге ПТР-анықтамамен кіруге болады, сол себепті ковид паспорттарына тіреліп қалудың қажеті жоқ.
"Егер қолыңызда вирус жұқтырмағаныңыз туралы ПТР-тест нәтижесі болса, елге тып-тыныш кіре аласыз. Сондықтан бұл жерде еш проблема болмауға тиіс", — деді ведомство басшысы.
Бұған дейін Қазақстан Венгрия, Таиланд және Моңғолияның вакцина салдырған азаматтарына елге кіруге рұқсат етті.