12 маусымда жалауы көтерілген бұл дүбірлі додада бірінші болып жағажай волейболшылары сайысқа түсті. Онда ерлер арасында — 34, әйелдер арасында — 18 команда бақ таластырды. Ерлер арасында жартылай және ақтық сында бір-бірімен өзара кездескен Қазақстан мен Индонезия спортшылары жүлделі орындарды өзара бөлісті. Онда алдымен Алексей Сидоренко мен Александр Дьяченконы, одан кейін Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешовтен айласын асырған Даркунсоро мен Рашмауан жеңімпаз атанды. Ал Дмитрий мен Алексей — күміс, Алексей мен Александр қола жүлдені қанағат тұтты. Бұған дейін Д.Яковлев пен А.Сидоренко 2010 жылы Оманда өткен додада да күміс жүлденің иесі атанған болатын. Биыл сондай-ақ, әйелдер арасында бақ сынаған қазақстандық Татьяна Машкова мен Ирина Цымбалова жартылай сында тайландтықтарға, ақтық сында тайпейліктерге ұтылып, үздік үштіктің қатарына ене алмады.