Дүбірлі доданың соңғы күні финалда қазақ көкпаршылары Қырғызстан құрамасымен кездесті. Жарыс Бактуу-Долоноту ипподромында өтті. Тартысты өткен бәсекеде қазақ көкпаршылары намысты қолдан бермеуге тырысты. Алайда, айырқалпақты ағайындар да жеңіске жету үшін бар күштерін салды. Бірінші болып есепті қырғыз спортшылары ашты. Жарыс барысында қазақ спортшысы Әбдуғали Әбжапаров ат астында қалып, ауыр жарақат алды. Кейін ол шұғыл түрде қаладағы ауруханаға жеткізілді.
Осыдан кейін Қазақстан спортшыларының еңсесі түсіп кетті. Қандай шабуылға шықса да жолдары болмады. Ал қарсыластар сауатты қорғанып, қазақ спортшыларының қателігін ұтымды пайдаланып жатты. Қорытынды есеп 15:3. Алтын жүлде Қырғыз спортшыларына бұйырды. Қазақ көкпаршылары күміс жүлдені қанағат тұтты.
Сайысты көру үшін 10 мыңнан астам шетелдік және жергілікті көрермен жиналды.
Көкпардан Қазақстан құрамасында 13 спортшы бар. Олар: Шырынқұлов Бақтыбай, Көбей Ермек, Байтөреев Ұлан, Мырзабаев Нұржігіт, Пупенко Александр, Момынов Нұрдәулет, Шырымбаев Бағлан, Дүйсенбиев Манарбек, Тойчиев Ералы, Жиенқұлов Елдар, Сабыров Бәйдібек, Сүлейменов Қайыржан, Оңғарбаев Асқар.
Жаттықтырушы: Қуанышбек Құрамаев.
Жетекші: Рамазан Сәттібаев.
Айта кетейік, ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 8 мемлекеттен көкпар командалары қатысқан болатын. Командалар А және Б тобына бөлінді.
Жеребе тарту рәсімінде Қазақстан құрамасы А тобына түсті. Бұл топта АҚШ, Қытай, Қазақстан, Ресей (Краснояр облысы) бар. Ал В тобында Қырғызстан, Түркия, Башқұртстан (Ресей) және Ауғанстан командалары бақ сынады. Ақтық сайысқа барлық қарсыластарын айқын жеңген Қырғызстан мен Қазақстан командалары шыққан болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстанның Чолпан Ата қаласында ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтіп жатыр. Жаһандық жарысқа 58-ден астам елден 600-ге тарта спортшы қатысып жатыр. Олар 23 спорт түрінен бақ сынайды. Бұл сайыста ел намысын 75 спортшы қорғайды.