Caravan.kz медиа-порталының редакциясы тарихшының жазбасын жариялауды жөн көрді.
Қазақта жоңғардың қаны бар. Найманның ішінде және басқа қазақтың тайпалары мен руларында жоңғар компоненті аз емес, ал кейбір өлкелерде өте көп. Тарихи шындық үшін бұл сырды ақтаратын кез келді.
Менің әжем Күлжәмила (мен ол кісіге шөберемін) маған мынаны айтқан еді: Аталарымыз жоңғардың басынан бақ тайған тұста жоңғар жайлауларын аралап, жеке қоныстарға да барады екен. Аттан түспейді екен. Найзаның ұшымен тонынан іліп алып (жайлау суық, бәрі тон киеді, мата киім азшылық), қалмақтың баласының бетіне қарайды. Егер де бала өкпе ауруымен ауырмаса (туберкулез көп кездеседі), алып кетеді. Бұл сол тұстағы жоңғар-қазақтың кәдуілгі тіршілігі: біреуіне — ұл (нәресте өлімі көп болғандықтан, әсіресе ұл бала арасында шетінеу көбейген), біреуіне қалыңдық жетпейді, сол керектерін жоңғардың жайлауынан өңгеріп әкеледі екен. Сөйтіп туысқандарын қарқ қылатын көрінеді. Кейде жоңғар жігіттерінің пана сұрайтын кезі де болған. Соларды қабылдайды.
Тағы бір жағдайда ру болып қосылған жоңғарлар да болған. Қытай мен қазақ жоңғарды тықсырған тұста, Қытай жоңғарға геноцид жасап, олардың бір миллионын қырады.Сондықтан қазіргі Қырғызстан мен Қазақстан территорияларында біраз жоңғар ауылдары қашып қоныстанған. Олар қазақ батырларының протекциясын алған. Олар кейін номиналды түрде ислам қабылдаған, сосын қазақтанған. Мәселен, қазіргі Жетісуда, Сарқанд, Қарасай, Қаскелен аудандарында қалмақ- жоңғарлар ауылдары ұшырасқан. Олардың бір бөлігі христиан дінін қабылдап, казачество құрамына да кірген. Бірақ ең көп қалмақ сіңген жер — қырғыз өлкелері.
Менің ағам, белгілі ғалым Сәкен Дәрженов марқұм "Менің тегім қалмақ" деп айтушы еді. Қырғыз ішінде қырғызданған қалмақтар тегін жасырмайды. Бір кезде олардың бір тобы тіпті қырғыздарға өкпелеп, Ресейдің Қалмақ өлкесіне көшпек болған. Қазақ қалмақпен көп соғысқан. Сонымен бірге құдалық қатынастар да аз болмаған.
Хақназар ханның кезінде қалмақ хандығы қазаққа бодан болды. Себебі, үш-төрт ғасыр тек қана соғысу мүмкін емес.