Сондықтан, осы сұрақтарға нақты жауап іздеген Caravan.kz ХҚТУ Яссауитану ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Досай Кенжетайға жүгінді.
– Қазіргі қоғам ішінде заңға бағынбау, Конституцияны құрметтемеу деген сияқты келеңсіз құбылыстар арагідік көрініс беріп қалады. Әсіресе, діндарлардың үні өктем естіле бастады. Бұған не айтасыз?
– Құқық – билік пен қоғамның, мемлекет пен халықтың арасындағы ең басты ұстаным. Халыққа өз құқы мен хақын білдіру, анықтау – мемлекеттің міндеті. Мемлекет те нормаларының шегі мен шекарасын нақты айқындап, дәлелді уәжбен, ғылыми таным, зерттеулер негізінде алынған тұжырымдар арқылы қабылдатады. Ал діндарлар арасынан наразылық туындап жатса, оның азаматтық позициясы мен діни және құқықтық танымы дұрыс қалыптаспағанын көрсетеді. Менің ойымша, кез келген азамат өзі тіршілік етіп жатқан уақыт пен кеңістіктің шарттарын назарға ұстағаны абзал.
– Сонда, сіздің айтқандарыңызды қате түсінбесем, өктем дауыс шығарып жүргендердің бәрі діни танымы мен діни санасы бұзылғандар ма?
– Өзі, діни сана деген – қазақ болмысының көрсеткіші. Сол көрсеткіштің мазмұны оның діни танымынан туындайды. Мәселені құқықтық емес, болмыстық тұрғыдан қарасаңыз, қазіргі діндарлық пен діншілдіктің арасында нақты анықтамалар жасалмаған. Қазақ ғасырлардан бері мұсылман. Оның мұсылмандық өзіндік ерекшелігі бар. Сол арқылы болмысы да, тарихы да, мәдениеті де сомдалған. Осы болмысты жоққа шығарғысы келетіндер, қырсығып өзінің наразылығын көрсетіп жатқандар негізінен уахабизм діни идеологиясымен уланғандар деуге болады. Олар арабтың, өзгенің салты мен әдет-ғұрыптарындін ретінде ұғып, шатасқандар. Рас араб та, парсы да, түркі те мұсылман. Біз де олармен діни сенім негізінде ғана бірміз. Ал діни таным, діни сана және діни тәжірибеміз басқа. Осы нәзік мәселені білмейтіндер, сезбейтіндер, танымайтындар, әрине қоғамда дау туғызып, жік жаратып, өздерінше құқықтарын көрсеткісі келеді.
– Біз – зайырлы, құқықтық, демократиялы елміз…Сонда өзге діни танымдағылар өздерінің құқықтарын білдірсе, не талап етсе, оның несі айып?
– Рас айтасыз, мына қоғамда кім хақын білсе, талап етсе, сұраса, ол адамда «мен» деген азаматтық кісілік көрініс тапты деген сөз. Ал егер қоғамда біреу ешқандай хақын не хұқын білмесе, ізденбесе, онда «мен» деген ақиқаттың орнына тобырдың еркі, идеологияның қысымы немесе авторитаризмнің лебі бар деген сөз.
Жалпы, хақ сұрағандыкі, яғни оның қажеттілігі мен талабына жауап беру де бүгінгі зайырлы, демократиялық мемлекеттің міндеті.Бірақ кейбір діншілдердің жасап жатқан талабы қасақана өздерінің діни танымын ғана дұрысқа балап, басқалардікі бұзылған деп «таза ислам жоқтаушыларына» айналып бара жатса, ол жерде құқық емес, саясат, идеология, провакация жатыр деген сөз. Олар мына елдің зайырлы ұстанымы мен мемлекеттік негіздеріне, құрылымына пысқырмайды онда.
Яғни, мемлекет те адам сияқты: ол қорқады, үрейленеді дегендей…
Мемлекеттің үрейіне себеп болып отырған да өзіміздің азаматтар, діндарларымыз…Олардың өзгерген діни санасы мен діни танымы әрине. Бұлар адамның ішкі танымы болғанменен, ертелі кеш сыртқа шығатын потенциялды идеология. Саясиланған діни таным. Сондықтан мұны хақ құқық талабы емес, саяси идеологиялық қысым деуге болады.
– Сөз орайында «хақ, құқық» деген сөздердің мәні, мағынасы туралы әңгімелей кетсеңіз?
– Араб сөзінен енген ұғым, термин бойынша, «белгілі нақты бір ережеге, нормаға сай болған нәрсе», яғни заң түрінде қабылданған нәрсе. Адамның қоғамға, қоғамның да адамға қатысты орындауы тиіс нәрселер хақ деп аталады. Яғни, хақ дегеніміз рұқсат етілген нәрсе дегенді білдіреді екен. Ал енді сол нормалар қайдан алынады немесе норма, ережелер қалай пайда болады? Хақ дегеніміз – бір нәрсені орындау үшін азаматтың моральдық ерік-жігері мен қуаты, мүмкіндігі деген сөз. Сондықтан әрбір хақ-құқық азаматтан оның басқаларға қатысты міндетін орындауды талап етеді.
Саяси тұрғыдан хақ – заң немесе нормалар арқылы берілген акция. Бұл жерде де ережелер мен нормаларға сай болу шарты бар. Сенім, ой, ождан, сөз еркіндігі құқы деген сияқты, адамның саяси, әлеуметтік хақтары осы қабаттарға тән. Енді осы хақтарды анықтайтын нормалардың барлығын, қоғамның тіршілігі мен қоғамдық қатынастарды реттеп, бақылап, жүйелеп отыратын ережелер мен заңдарды тұтастай құқық дейміз.
Құқық негізінен адамдардың бірге қоғамдасып тіршілік етуінің кепілі. Демек, ол – табиғи шарт. Сондықтан құқық қоғамда адамның қажеттіліктері мен қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі үшін бар деген сөз. Сонда жоғарыда аталғандіншілдердің бүгінгі талабы мемлекеттің құқықтық ұстанымдарына қайшы келіп отыр.
– Қалай ойлайсыз, мемлекет заң, құқық, зайырлылық деп діндарларға қысым жасап жатқан жоқ па, осы? Неге мектепте хижап, діни киім киюге нарызылық танытып жатыр?
– Өзі теологияда мына үштік тұғыр бар: Алла, әлем және адам. Алғашында, сонау Аристотель заманында Алла әлемге де, адамға да, іс-амалына да, оның тіршілігіне де араласпайтын еді. Кейіннен ислам діні келген соң, танымдар өзгерді: Алла, әлем, адам арасында бірлік, тұтастық пайда болды. Кешегі Батыстық өзгерістерден кейін Алланы мүлде жоққа шығарғысы келген идеологиялар дашықты. Оның ең бірегейі кеңестік жүйе. Онда теориялық әрі практикалық тұрғыдан Тәңірді адам санасы мен тіршілігінен аластатуға бағытталды.
Ал зайырлы жүйеде адам мен әлем басқаша қатынаста, Алла мен адам да басқаша ұстанымдық қатынаста орын алып отыр. Осы жерде мемлекет Аллаға қарсы шығу, жоққа шығару деген ешқандай ұстанымды қабылдамайды. Керісінше, мемлекет дінге араласпайды. Діннің де мемлекет ісіне араласпауын шартты түрде ұсынады.
Егер мемлекет сіз айтқандай діндарларға қысым жасап жатса, онда ол тыйым алдымен атеистік платформада көрініс табар еді. Ал біздің мемлекет, керісінше дінге, діни білімге ерік берген.
Зайырлылық деген ұстаным – діннің де тынысын ашатын ұстаным. Егер қоғамда азаматтар кез келген нәрсеге «халал-харам» стандартымен қарайтын болса, ол жерде проблема бар. Ислам діні негізі адамзатқа алып келген басты құндылығы, жаңалығы – ар мәселесі. Қазіргі діншілдер басқаша.
Мақала авторы: Сырым Иткулов