Екібастұздың қазақ ауылында орыс тілінде есеп берген жергілікті полиция қызметінің бастығы Елнұр Букаев тұрғындардың сынынан кейін келесі баяндамасын екі тілде жасады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұған дейін жазғанымыздай Екібастұз қаласы жергілікті полиция қызметінің бастығы, подполковник Елнұр Букаев Бесқауға ауылында болған есеп беру кездесуде орыс тілінде баяндама жасап, тұрғындардың сынына ұшыраған болатын. Жиынға қатысып отырған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османова полицейден не үшін тек орыс тілінде сөйлегенін сұрағанда: «Негізі баяндаманы қазақ және орыс тілдерінде дайындап келген едім. Бірақ, жиын барысында неге тек ресми тілінде сөйлеп кеткенімді өзім де білмей қалдым» деп жауап берген.
— Екібастұз қаласына қарасты жергілікті полиция қызметінің бастығы Елнұр Букаевтың қазақшасы әжептәуір екен. Жиын соңында оған заң бойынша бірінші мемлекеттік тілде сөйлеп, ал ресми тілге қажет болған жағдайда ғана көшу керектігін ескерттім. Полицей ескертуді қабылдап, келесі баяндамасын екі тілде оқыды. Негізі залда қанша қазақ ұлты отырса да соған қарамастан «сәлеметсізден» кейінгі сөзін орыс тілінде сабақтауды біздің мемлекеттік қызметкерлер, кейбір әкімдер дағдыға айналдырып алған. Қазір ауыл тұрғындарының арасында қазақша түсінбейтіні жоқ. Сондықтан мұндай жерде қазақ тілінде сөйлемеу – ұят жағдай. Ал, аудан, қала және облыс әкімдіктерінде болатын жиындарда да қазақ тілін екінші орынға қалдыруға болмайды. Өйткені қазір леспе аударма жүйесі жақсы дамыған. Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар соны пайдалануға болады. Негізі бұл әрбір мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілге деген жанашырына байланысты, — дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысы Сәуле Османова.