Осы бір атышулы қылмыстың қалай ашылғаны туралы "КАРАВАН" газетіне Қазақстан қылмыстық іздестіру саласының аты аңызға айналған маманы, "Қызыл жұлдыз" орденінің иегері, отставкадағы милици полковнигі Ғабдырахым Меңдешев айтып берді.
Бұл сұмдық оқиға осыдан 35 жылдай бұрын болған. Яғни 1982 жылдың қарашасында Қазақ КСР-і Мемлекеттік телевизиясының дикторы Бақытгүл Қожанова жоғалып кетеді. Жоғарыда айтқанымыздай, оны іздеу шаралары үкіметтің бақылауында болды.
Бейшара күйеу
Меңдешевтің айтуынша, суыт хабарды Алматыдағы Октябрь аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бірінші болып естіген. Диктордың күйеуі Исатай Қожанов сол жерге барып, арыз жазған. “Казсельхозмеханизация” ғылыми-өндірістік бірлестігінің аға инженері, момын, зиялы адам болып көрінген ол бұл қайғыдан әбіржіп кетіпті. Әйелінің екі тәуліктей бұрын ұшты-күйлі жоғалғанын әлгі жерде қобалжыған үнмен жеткізеді.
Меңдешевтің айтуынша, ол түні бойы әйелдің барлық таныстарына телефон шалып шықса да, ештеңе біле алмаған. Ал таңертең телевизияға барады. Бірақ ол жерде де Бақыткүлдің қайда кеткенін ешкім білмейтін болып шығады. Бұл тұрғыда жоғалған әйелдің туыстары да түк айта алмапты. Сосын жедел уәкілдер Исатайдың өзінен жәйлап қана соңғы рет жұмысқа кеткенде Бақытгүлдің қандай киімде болғанын сұрайды. Ал бұл "соңғы рет" деген сөзді естігенде, одан сайын жылай берген. Исатай сәлден кейін көз жасын сүртіп, жұбайының құндыз тон киіп кеткенін, қолында үш алтын жүзік, мойнында қымбат алқа болғанын айтады.
Осыдан кейін, әрине, тонап кетті деген болжам айтылады. Қылмыскерлер байғұс әйелді өлтіріп кетуі мүмкін. Енді ол әлдебір шұңқырда немесе мәйітханада жатқан шығар деген ой келеді.
Бірақ бүкіл аурухана мен мәйітхана тексерілгенімен, ол жерлерден Бақытгүл табылмады.
— Тергеу ісіне Октябрь АІІБ қызметкерлерінен бөлек Алматы ІІБ-ның, сондай-ақ, Қазақ КСР-і ІІМ мен КСРО ІІМ-нің мықты мамандары тартылды, — дейді Ғабдырахым Меңдешев. — Осы аралас жедел тергеу тобының құрамына мен де кірдім.
Тонап кетті дегеннен бөлек басқа да болжамдар қарастырылды. Бақытгүлді таныстарының бірі өлтірген шығар делінді. Немесе ол жәй ғана күйеуін тастап кетіп қалуы да мүмкін.
Төртінші болжам — оны өз күйеуі өлтіруі мүмкін. Бірақ мұны тергеушілер бірден алып тастады. Өйткені Қожановтардың туыстары, достары, көршілері бірауыздан олардың тату тұрғанын, ешқашан ұрыспағанын, кішкентай екі баласын өсіріп отырғанын айтқан. Бірақ ең бастысы, Бақыткүлдің жоғары лауазымды қызметтегі әкесі күйеу баласын қызғыштай қорғады. Ол Қазақ КСР-і Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың алдына, тіпті Мәскеуге бірнеше рет барып, қызын табуды ғана емес, күйеу баласынан күдіктенбеуді талап етті.
Зиялы азамат қызғаншақ болып шықты
Исатай әйелі жоғалғаннан кейін ішкілікке салынып кетті. Жұмысындағылар бұған біразға дейін шыдаған. Бірақ кейін кетіңіз деген ұсыныс айтады. Сөйтіп, дипломы бар, тәжірибелі инженер автопарктің ұстасы болып шыға келеді. Оның басқа отбасы құрсам деген ойы орындалмады. Өйткені жаңа әйеліне күйеуінің жұмыстан күн сайын мас болып келетіні ұнамаған.
Осы тұста Исатай достарына Қырғызстанға іссапарға барған кезде мас болып отырып әйелінің жоғалуына оның өзі кінәлі екенін айтқан екен. Бұл мәлімет тергеушілерге жеткен. Одан кейін Бақытгүлдің әпкесі "Исатай әйелін тойдан кейінгі бір жылда үш рет ұрып еді" депті.
Меңдешев "байғұс күйеуді" 23 ақпанда ұстаймын деп жүрген. Бірақ Исатай онсыз да түрмеге түседі. Ол мас болып жүріп автобуста бір әйелді ұрған. Сол үшін 15 тәулікке қамалады.
Меңдешев оны бөлек камераға жалғыз қаматып, сол жерде қыспаққа алған. Әйелін өлтіргенін өз еркімен мойындаса, жазасын өтеу мерзімі қысқаратынын айтады. Сөйтіп, Исатай ертеңіне бәрін мойындайды. Ол өте қызғаншақ болған екен. Жұбайын той өте салысымен-ақ бәрінен қызғана бастаған. Жұмыстағы әріптестерінен де, өтіп бара жатқан адамдардан да, тіпті аула сыпырушыдан да…
— Кезекті бір ұрыс-керіс кезінде ол балаларымыздың менен еместігін айтты. Сөйтіп, түн уағында бір жаққа кетейін деп жатты. Мен бұған шыдамай кеттім… — деді Исатай дірілдеген үнімен. — Есімді жисам, Бақыт еденде жатыр екен. Дем алып жатқан жоқ… Оны өзіміз тұратын үйдің жертөлесіне апардым. Сосын күрекпен шұңқыр қазып, сонда көміп тастадым. Далада қап-қараңғы түн болатын. Сондықтан мені ешкім көрген жоқ.
Исатай Қожанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ түрмедегі үлгілі тәртібі үшін төрт жылдан соң бостандыққа шықты.
Егер Исатайдың жоғары қызметтегі қайын атасы кедергі жасамағанда, белгілі тележүргізушіге қатысты іс ертерек ашылар ма еді…