Аталған фестиваль 31 мамыр — 6 маусым аралығында Дүниежүзілік қуыршақшылар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен болатын. Фестиваль — қуыршақ жанры өнеріндегі ең басты оқиғалардың бірі болып табылады. Басты мақсаты — әлемдегі қуыршақ шеберлері арасында шығармашылық байланыс орнату, симпозиумдар, конференциялар және басқа да осы жанрдың дамуына арналған шаралар өткізуге бағытталған. 14 жыл бойы өтіп келген фестивальге биыл әлемнің 28 елінен 38 өнер ұжымы қатысқан. Қазақстан атынан Алматы қалалық мемлекеттік қуыршақ театры «Қаңбақ шал» қойылымымен екі аталым бойынша қатысқан еді. Фестиваль қорытындысы бойынша «Қаңбақ шал» қойылымы «Үздік театр декорациясы және қуыршақ дизайны» аталымы бойынша бас жүлдеге лайық деп танылған.
Театрдың директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Мәдениет Юсуповтың айтуынша, жапондық Мэри Бод, алжирлік Меда Сида Ахмед сынды қуыршақ өнерінің алпауыттары бастаған әділқазылар бас жүлдені табыстай отырып, қазақстандық актерлердің шеберлігін, қазақ музыкасының кереметтігін ерекше атап өткен.
Енді қазақстандық театр келер жылы аталған фестивальдің барлық жылдардағы жеңімпаздарының басын қосқан мерейтойлық шараға қатысады.