Қазақтың термесі атүсті қарайтын өнер емес - Әбсаттар Қажы Дербісәлі - kaz.caravan.kz
  • $ 512.81
  • 604.19
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақтың термесі атүсті қарайтын өнер емес - Әбсаттар Қажы Дербісәлі

Қазақтың термесі атүсті қарайтын өнер емес - Әбсаттар Қажы Дербісәлі

Қазақтың термесі атүсті қарайтын өнер емес. Кеше Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы мен Астанадағы Әзірет Сұлтан мешіті ұйымдастырған республикалық «Текті сөздің төресі - терме» атты жыр бәйгесін қорытындылау кешін ашып сөз сөйлеген Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар Қажы Дербісәлі осылай мәлімдеді.

  • 10 Ақпан 2013
  • 778
Фото - Caravan.kz

Бас Мүфти республикалық бәйгеге түскен термелерді сараптау барысында оның терең мазмұнына, айтар ойына, сол ойын жүйелі жеткізе білуіне баса назар аударылғанын тілге тиек етті. «Терме» сөзі барлық данышпан ойлардың маңызы мен мәйегін теріп беру деген мағынаға саятындықтан, оның әрбір сөзінде асылдай құнды салмақ жатуы тиіс. Асан Қайғы айтпақшы, «таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады», ал «ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады», — деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ, Дінбасы бәйге қоржынына түскен термелерге де баға беріп, сараптама қорытындысына да тоқталып өтті. «Бәйгеге қатысушылардың кейбіреуі терме дегеннің не екенін түсінбеген тәрізді. Бірі мағынасыз ұйқас қуып кетсе, бірінің жазғаны терменің табиғатынан алыс кеткен. Көп адамдар бәйгеге термелерін «әйтеуір бап шаппаса да, бақ шауып қалар» деген қысыр үмітпен тапсыра салған. Басқа біреулері бұрын орындалған, арнайы бәйге үшін жазылмаған термелерін жолдап жіберген. Міне, осындай дүниелердің бәрін елеп-екшеп, додаға түскен термелердің ішінен үздіктерін сараптап шықтық», — деді Дінбасы.

Оның айтуынша, қоржынға түскен термелерді сараптауға, үздіктерін анықтап, лайықты бағасын беруге көмектескен қазылардың арасында терменің майталман шеберлері, мақамды зерттеп жүрген ғалымдар, термешілер, сөздің парқын білетін ақындар болды. Ал терменің діни мазмұнына «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлының өзі қарады.

Сөз соңында Хазіреті Мүфти «Әзірет Сұлтан» мешіті мұрындық болған бұл бастаманы Мәдениет министрлігі әрі қарай дөңгелетіп әкетіп, жаңа термелер бәйгесін дәстүрлі түрде ұйымдастырып отырса, нұр үстіне нұр болар еді» деп өз ойын жеткізді.

«Терме термешінің сөзі мен ісі қабысқанда ғана адам жүрегінен орын таппақ. Кезіндегі дуалы ауыз Майлықожа, Шал ақын, Иманжүсіп термелерінің ел жадында жаңғырып, бүгінгі күнге дейін сақталуының, өзектілігі мен өміршеңдігін жоғалтпауының сыры да осында. Сондықтан да, терме атүсті қарайтын өнер емес», — дейді Бас мүфти Әбсаттар қажы.

Перейти к новостям спорта