Қырғиқабақ соғыс кезінде жинақталып, ол біткеннен кейін азаматтық рынокта сатыла бастаған уран қоры уран шикізаты құнының едәуір арзандауына апарып соқты,- деді М.Жәкішев. Алайда, қоймадағы қор түгесілген соң, шамамен 2010-жылы уран тапшылығы орын алып, оның базардағы нарқы өндіру құнына тікелей тәуелді болмақ.
Ал уран өнеркәсібі жаңа кеніш көздерін іздестіру, жаңа кеніштерді салу, материалдық базасын жаңалауда қосымша инвестицияға қазірдің өзінде зәру болып отыр.
Әйтсе де, базардағы бағаның шұғыл өзгерістеріне байланысты рентабельділіктен айрылып, тұрақсыздыққа душар болған уран өндіруші кәсіпорындар үшін инвестиция тарту біршама қиындықтар тудырып отыр.
Уран өндіруші кәсіпорын ретінде «Қазатомпром» үшін болашақ уран тапшылығы мен уран құнының қымбаттауы тиімді болғанымен, компания шын мәнінде, болашағын болжау мүмкіндігі бар тұрақты рыноктің қалыптасуына мүдделі.
Мұхтар Жәкішевтің пікірінше, аталмыш тауқыметті шешу үшін дүниежүзілік нарықтағы уран бағасын қымбаттату керек. Ал өнімді тұтынушылар үшін, шикізат қамтамасыздығының кепілді тұрақтануына алып келетін мұндай қымбаттаудың өздері үшін де тиімділігін түсінуі қажет дейді М.Жәкішев.