Кеңеске ҚР білім және ғылым министрлігінің аэроғарыштық комитеті төрағасының орынбасары Азамат Батырғожин, ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі аумақтық комитетінің төрағасы Мағауия Ажмолдаев пен «Энергия» ғарыштық-зымыран кешені ААҚ-ның өкілдері қатысты.
С.Тұржановтың айтуынша, «бұл хаттамаға қол қою арқылы Қазақстанның ғарыштық бағдарламасын дамыту көкжиегі біртіндеп айқындала бастады». Ертеректе қабылданған мемлекеттік ғарыштық бағдарламаға сәйкес, Қазақстан ғылыми әлеует пен ғылыми сыйымдылығы жоғары технологияларды дамыту үшін ғарыштық бағдарламаға 1,5-2 млрд. доллар жұмсамақшы. С.Тұржановтың айтуынша, ғарышқа жұмсалған инвестиция ел экономикасының түрлі салаларын дамытуға түрткі болу арқылы 5-7 жылда өтелуге тиіс. «Энергия» корпорациясымен арада қол қойылған келісім Қазақстанға «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін құруға, жеке орбиталық -спутниктік топты жасақтауға, Қазақстандық ғарышкерлер Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймахановтың пилоты экспедициясын ұшыру жобасын іске асыруға, халықаралық ғарыштық бағдарламаларға, соның ішінде Халықаралық ғарыш станциясындағы бағдарламаларға белсене атсалысуға мүмкіндік береді. Байқоңыр ғарыш айлағының инфрақұрылымы ғарыштық бағдарламаларды жүзеге асыруға жәрдемдесетін басым базалық кешен болмақ.
Н.Севостьяновтың айтуынша, «Қазғарыш» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның іскерліәк әріптесі болып табылатын С.Королев атындағы «Энергия» ғарыштық-зымыран кешені ААҚ бірлескен ұзақ мерзімді ғарыштық бағдарламаларға тікелей қатысатын болады.
Келісім мынадай негізгі бөлімдерден тұрады: Байқоңыр ғарыш айлағында «Ямал» платформасы мен Ұшуларды басқару орталығының базасында Қазақстандық байланыс және телевидениелік жер серіктерін жасап ұшыру, жерді пайдалану және шекараны күзету, өнеркәсіптік және ауылшаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, кеніштерді барлау және кадастрлық есеп мүдделеріне сәйкес қашықтан зонд жүргізу спутниктерінің топтамасын құру, ұялы байланыс жүйесін дамыту мақсатындағы жер серіктерін жасап ұшыру, ғылыми зерттеулерге арналған ғарыштық аппараттарды жобалап жасау, пилотты ғарыш кемелерін жасау, Қазақстанда спутникпен таратылатын сандық телевидение жүйесін құру т.б. Келісімде сонымен бірге Байқоңырда ғарыштық жобаларды жүйелі түрде интеграциялауға арналған бірлескен конструкторлық бюро құру қарастырылған.
«Қазғарыш» пен «Энергия» арасындағы келісімнің жобасын жасауға қатысты жекелеген проблемаларды дәйектеу үшін жұмыс топтарын құру көзделген.