Қажылық сапарға барған Оңтүстік Қазақстандықтардың туыс-туғандары енді оларды кері қайтарып әкелуге қолұшын беруді өтінуде - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қажылық сапарға барған Оңтүстік Қазақстандықтардың туыс-туғандары енді оларды кері қайтарып әкелуге қолұшын беруді өтінуде

Қажылық сапарға барған Оңтүстік Қазақстандықтардың туыс-туғандары енді оларды кері қайтарып әкелуге қолұшын беруді өтінуде

Кеше, 12-ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің ғимараты жанында 24-қаңтарда облыстан қажылық сапарға аттанғандардың туыс-туғандарынан оншақты адам жиналды. Олар билік өкілдерінен туыстарын кері қайтарып әкелге қолұшын беруді талап етті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 13 Ақпан 2004
  • 835
Фото - Caravan.kz

Олардың айтуынша, қажыға барған 84 адам қазір кері қайта алмай, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің шекарасында қамалып жатыр. Туыстарын қажылық сапарға аттандырған Шардаралық 30 отбасының атынан Бөлебай Мүтәлиев есімді адам әкімшілікке келген. Оның айтуынша, шалғайда жүрген туыстары телефон арқылы хабарласып, сапарға өздерімен бірге келген «Ордабасы- НЖ» туристік фирмасының екі өкілі хабар-ошарсыз кеткенін, ал қажыға барған адамдардың ақшасыз, ішерге тамақсыз әрі ұшатын билетсіз қалғанын хабарлаған. Ақпанның 8-інен 9-ына қараған түні Мединеден шыққан автобус оларды шекарадағы бақылау-тексеру бекетіне әкеліп тастап кеткен. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағына ену үшін 35 доллар төлеу қажеттігіне байланысты олар шекарадан өте алмай отыр. Қазір басым көпшілігін қарт адамдар құрайтын топ пластиктен жасалған шатырларды паналауда. Күндізгі ауа температурасы 40 градусқа жетеді. Қазір қажыдан қайтқан адамдар не істерін білмей дал.

Әкімшілік жанына жиналғандар әкімнің орынбасары Әли Бектаевты тоқтатып, мән-жайды баяндады. Ол үш адамды өзінің жұмыс бөлеміне шақырып әңгімелесті. Сұхбаттың егжей-тегжейі беймәлім.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Оңтүстік Қазақстан облысынан қажылық сапарға ниет еткен 105 адам қаңтар айында «Ордабасы- НЖ» туристік фирмасының өкілдеріне қажылыққа бару үшін 1700 доллардан жинап берген. Олар 21-қаңтарда түнгі сағат 22-де Шымкент әуежайында жиналып, тіркеуден өтіп жолға шығуы тиіс болатын. Алайда, жолға шығу үшін әуежайға келген адамдарға ұшақтың ұшу мерзімі кейінге шегерілгені хабарланған. Оған себеп ретінде бірнеше түрлі сылтау алға тартылыпты. Екі тәулік бойы әуежайда түнеп, наразылық білдіре бастаған әлгі адамдар мен олардың туыстарына фирма басшылығы енді басқа себепті көлденең тарта бастады. Олар ұшақтарға арнап жанармай сатып алуға және қажылық сапарға шыққандардың Карачиге жетуіне арналған ақшаны алған делдал адам кенеттен ғайып болғанын мойындаған.
23-қаңтарда облыстық әкімшіліктің араласуымен қажыға баратын адамдардың бір бөлігін Дубай рейсіне отырғызуға мүмкіндік жасалды.
Келесі күні «Ордабасы- НЖ» туристік фирмасының өкілдері қажылық сапарға шыққан 84 адамнан тағы да 150 доллардан жинап алып, бұл қаржыны сапар аяқталғаннан кейін қайтаруға уәде береді. (Алайда, шығарып салушылардың айтуынша, ақшаны жинап алған адамдар оны дәлелдейтін қаржылық құжаттар бермеген). Сөйтіп адамдардың қалған бөлігі 24-қаңтарда Меккеге жол тартты.
Осыдан бірнеше күннен кейін фирма өкілдері жалдап алған кеңсесінен тайып отырған. Б.Мүтәлиевтің айтуынша, оның қолында фирма қожайынының үйіндегі телефонының номері бар, бірақ соңғы кездері телефон тұтқасын көтеретін әйел фирма қызметкерлері туралы да, қажылық сапарға шыққандар туралы да ешнәрсе білмейтінін алға тартуда.
Бұл оқиғаға мемлекет шұғыл араласып, орта жолда қалған адамдарды кері қайтарып әкелуге ықпал етуін туыстары өтініп сұрайды.

Соңғы жаңалықтар