Қазір Қазақстанда Ресей мясорубкасынан туралып, қидаланып шыққан мутация ұлт тұрады - Танагөз Толқынқызы - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+2 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазір Қазақстанда Ресей мясорубкасынан туралып, қидаланып шыққан мутация ұлт тұрады - Танагөз Толқынқызы

Қазір Қазақстанда Ресей мясорубкасынан туралып, қидаланып шыққан мутация ұлт тұрады - Танагөз Толқынқызы

Ақын, журналист Танагөз Толқынқызы қазақтардың тұл жетім екенін айтты. 

  • 2 Мамыр 2023
  • 1208
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ақын Танагөз Толқынқызының әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Қазақты тоналған қазақ, басы жоқ, денесі ғана бар", деп ашынды ақын. 

Біз — жетім ұлтпыз, қазақтар!

Империалдық, колонизатор Ресей соңғы рет Алашордалықтарды түп-тұқиянымен жер бетінен жойғаннан кейін біз жетім қалдық.

Бізде енді интеллегенция жоқ.

Біздің ұлтта енді бас жоқ. Дене ғана бар.

Дене тек ішіп-жеумен айналысады.

Қазір Қазақстанда Ресей мясорубкасынан туралып, қидаланып шыққан мутация ұлт тұрады.

Түрлеріне қарасаң қазақ. Ішіне үңілсең өзінің ана тіліне өлердей қас, қазақ екеніне қорланып қарайтын мәңгүрттер массасын көресің.

Олар көп. Көптігімен қорқытады. Олардың қолында ақша мен билік бар.

Және тұтас мемлекет алып жағымпаздар ордасына айналған.

Билік басындағы аз ғана шоғыр сатуға болмайтын ең аяулы құндылықтардың бәрін сатып жіберген.

Мәңгүрттер массасы енді менің үйіме дейін кіріп алғанына куә болып жатырмын.

Мен өз ұрпағыммен бұл үйде орысша сөйлеуге болмайды. Менімен менің балаларым тек қазақ тілінде сөйлесуі керек деп алысып, арпалысатын күнге жеттік. Ал олар қазақ балабақшасы мен қазақ мектебіне баратын ұландар ғой.

Менің ана тілімді олар Отанымда отырып-ақ, үйімнен, қара шаңырағымнан, жүрегімнен суырып алып бара жатқанын сезінемін.


Мен басымнан бақайшығыма дейін, сүйегімнің әр тінімен жазылмайтын алашордалық екенімді білемін.

Мен 5 тілде сөйлеймін. Бірақ соның бір де біреуі менің жүрегімнен қазақ тілін ығыстырып шығарып тастай алмады.

Мен қазақша ойлаймын, қазақша сөйлеймін, қазақ болып өмір сүремін, қазақ болып өлемін.

Бірақ менің алып отанымда осы қасиеттерден тек қазақы азиялық беті ғана қалған мутанттарды көремін.

Жаным ауырады…

Еу, жаным ауырады!..

Бұл ауырған жанды қай жаққа апарып көмеміз?

Қазақстанда қазақ болып кең тыныстап, кеудесін керіп өмір сүре алмаған қайран жетім қазағым!

Талай жетімді көргенмін!

Бірақ сен сияқты тұл жетімді, қадірсіз жетімді, иттен де, құстан да көңілі қалып жасыған, қорланған, тапталған, таланған, тып-типылы қалмай тоналған жетімді бұрын-соңды көрмеппін…, деп жазған. 

"Сөздеріңіз адам жылатады", "Сойып тұрып айттыңыз", "Ащы шындық. Идеология мүлдем жоқ", деп жазды оқырмандар.