Қазіргі мектеп асханасындағы тамақ балаларды онкологиялық ауруларға шалдықтырады - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазіргі мектеп асханасындағы тамақ балаларды онкологиялық ауруларға шалдықтырады

Қазіргі мектеп асханасындағы тамақ балаларды онкологиялық ауруларға шалдықтырады

Қазір мектептерде беріліп жатқан тамақтан оқушылар диабет және онкологиялық ауруларға шалдығып жатыр.

  • 18 Сәуiр 2018
  • 1076
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Алматы қаласында өткен баспасөз-мәслихатында салауатты өмір салтын қалыптастыру және балалар бағдарламаларын жүзеге асырушы қоғамдық ұйымдардың өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Жиында еліміздегі мектептердегі балаларды қалай тамақтандырып жүргенімізге талдау жасалды. Мұның қорытындысы көңіл көншітерлік емес. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының тамақтану академиясы әзірлеген стандарттар мен диеталық рациондарға мүлдем сәйкес келмейді. Мектеп асханаларын жалға алушылар ұсынған тамақтар ата-аналардың тағам сапасына қоятын талаптарына да сай емес. Ең қорқыныштысы – оны мектеп басшылығы да, ата-аналар да жіті бақыламайтын көрінеді.

Жергілікті бюджеттен оқушыларға арналған сапалы тағамдарды пайдалануға қажетті қаражат бөлінбейтіні мәлім. Мамандардың айтуынша, осының кесірінен балалар дұрыс тамақтанбайды. Бұл жағдай ауруға шалдығу көрсеткіштерін ұлғайта түседі. Мәселен, оқушылар мектеп асханаларындағы дәмсіз тамақтандардан жерініп, жақын маңдағы дүкендерге барады. Ол жерден түрлі газды тәтті сусындар мен шоколад, түрлі қатырлақтарды талғажау етеді. Соның кесірінен балаларға пайдалы микроэлементтер мен дәрумендер жетіспейді.

«Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы заңында» әрбір баланың денсаулық сақтауға айырықша құқықтары бар екені және оны ұйымдастыру тәртіптері толық көрсетілген. Баланың денсаулығын қорғау құқығы – салауатты өмір салтын насихаттау, балалар ауруларының алдын алу, қолайлы орта құру, баланың сау болып өсуіне қажетті сапалы тағам өнімдерін өндіру мен оны сатуды бақылау негізінде жүзеге асырылады.

«Дұрыс тамақтандыруды ұйымдастыру және оны тиімді бақылауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекет жергілікті бюджеттерден қайта қаражат бөлуді қолға алуы ләзім. Бұл жағдайда мемлекет қаражатын үнемдей алады: балаларды кейін ұзақ емдеумен салыстырғанда, дұрыс тамақтандыру әлдеқайда ұтымдырық болып шығады. Сонымен қатар, ата-аналар да мектептің қомқоршылар кеңесі арқылы осы мәселе бойынша белсенділік танытуы тиіс», – дейді Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жанындағы Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Ұлттық алдын алу тетіктері тобының мүшесі және «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті Марианна Гурина.

ДДСҰ деректеріне жүгінсек, еліміздегі барлық балалардың төрттен бірі артық салмақтан, ал тең жартысы семіздіктен жапа шегеді екен. Мұндай балалар есейгенде жұқпалы емес ауруларға шалдығуға бейім келеді. Бұл ерте өлімге душар етеді. Дәрігердің сөзіне қарағанда, қант диабетінің 44%-ы, жүректің ишемиялық ауруының 23%-ы, ісік ауруының 40%-ы дұрыс тамақтанбаудан туындайтын семіздікке тікелей байланысты.

«Онкологиялық химиятерапияның бір рәсімінің құны 1 миллион теңгеге жетеді. Ерте жастағы денсаулық күтіміне қаржыны үнемдеу дұрыс емес және мүмкіндігінше оқушыларды толыққанды азық-түлікпен қамтамасыз ету маңызды. Бұл жағдайда мектепке сүт және сүт өнімдерін қайта оралту ең оңтайлы қадам болар еді», – дейді «Амансаулық қоғамдық қорының сарапшысы Татьяна Бажова.

2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» – мемлекеттік денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасын іске асыру аясында және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексіне» сәйкес, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша, «Мектеп оқушыларының диетасына арналған бірыңғай стандарттар» атты әдістемелік ұсыныс алға тартылған. Ол кітапша болып шығып, таратылған-ды. Оны барлық білім беру ұйымдарында 2017 жылы жүзеге асырылуы тиіс болатын. Бірақ ол стандарттарды басшылыққа алып отырған асханалар аз.


«Балалар аурулары витаминдер мен микроэлементтердің жетіспеушілігінен туындайды. Сондай-ақ белсенді өсім мен жетілу кезеңінде тез көп энергия жұмсалатындықтан, бұлар тез сарқылады. Яғни көкөністер, жемістер, сүт және лактоз жеткіліксіздігі бар балаларға ұсынуға болатын йогурт тәрізді қоректік заттарды қажетті мөлшерде тұтыну аса маңызды», — деп атап өтті Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Юрий Синявский.

Әйтсе де, тәжірибе көрсетіп отырғандай, мектеп асханаларында мұндай азық-түлік стандарттары сақталмайды. Жоғары сапалы тағам мәзірі өте қымбат. Бүлдіршіндер үшін 650 теңгеден басталса, егде жастағы азаматтар үшін 960 теңгеден асады.

«Біз билік пен мектептерге әртүрлі бағамен тамақтануға интеграцияланған түрлі тәсілдерді ұсынамыз: қол жетімді, орта және толық түскі ас. Бала денсаулығы үшін ең ұтымдысы – үзіліс уақытында сүт жәнге йогурт өнімдерін беру. Егер муниципалитет толық түскі асқа қаражат таппаса, онда билік өкілдері мектептің қамқоршылар кеңесі арқылы бақылауды қолға алу керек. Жартылай қаржыландыру үшін демеушілерді іздестіру жағдайды біршама жақсартады. Әйтеуір қол қусырып отырмауымыз керек», – дейді Марианна Гурина.

2018 жылдың қыркүйек айынан бастап баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар Алматы қаласының мектептерінің бірін таңдап алып, балаларды барлық нормалар мен ережелер сақталған тамақмен қамтамасыз етуді қолға алмақ. Оны мектеп басшылары, қамқорлық кеңесі қадағаламақ. Бұл пилоттық жобаның мақсаты – дұрыс тамақтанған балалар мен қазіргі мектеп асханасынан тамақ ішетін өзге балалардың денсаулығының арасында жер мен көктей айырмашылық болатынын дәлелдеп, нақты мысалдарды алға тарта дабыл қағып, осы шетін мәселеге биліктің, ата-аналардың, мектеп басшылығының назарын аудармақ.

Оқи отырыңыз:

Мөлдір Әуелбекова басшылық қызметке тағайындалды
Алматы тұрғыны жоғалған ұлына 7 жылдан соң іздеу салды
Ер азаматтардың басты қорқынышы анықталды

 

Соңғы жаңалықтар