С.Тұржановтың айтуынша, 2003-жыл қорытындысы бойынша еліміздің туристік фирмалары 229 мың адамға қызмет көрсетті. Көрсетілген қызмет түрлерінің құны 3,5 млрд. теңгеге бағаланып, республикалық бюджетке салық түрінде 362 млн. теңге аударылды.
Дейтұрғанмен, С.Тұржановтың айтуынша, «елімізде туристік саланың дамуына әділетсіз бәсекелестік, кәсіпкерлікпен еркін айналысу құқығын бұзу секілді кейбір келеңсіз көріністер кедергі келтіруде».
«Қазір біз үшін заңнамадан бастап, әуе компаниялары мен туристік ұйымдар арасындағы қарым-қатынасқа дейін көптеген жағдайды түбірімен өзгерту қажеттігі туындап отыр»,- дейді департамент директоры. «Бұл жолғы жиын — бірлескен ауқымды жұмыстардың бастамасы ғана».
Құрылтайға 400-ден астам туристік ұйымдар, әуе компаниялары, жоғары оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер, ҚР туризм және спорт агенттігі, ҚР азаматтық авиация комитеті, ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Агенттігінің Алматы қалалық департаменті, Мемлекеттік стандарттың Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қадағалау басқармасы, елшіліктер мен кәсіпкерлік өкілдері, Республикалық «Отан» партиясының парламенттік фракциясының депутаттары қатысты.