Қазақстан жағынан құжатқа ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник, Польша жағынан осы елдің экономика және еңбек министрі Яцек Пехота қол қойды.
«Меморандум Одесса-Броды-Плоцк жобасына қазақстандық капиталды қосуға мүмкіндік беретін ынтымақтастыққа жол ашады»,- деді құжатқа қол қою рәсімінен кейін Я.Пехота.
Ол бүгінгі келіссөздер барысында В.Школьник Қазақстан жағының Польшадағы мұнай өңдеу зауыттарын жекешелендіріп алуға ниеті бар екенін тағы бір дәлелдеді, деп хабарлады. Я.Пехотаның айтуынша, бұл жерде жекешелендіру сатысындағы «LOTOS» тобы туралы сөз болып отыр. Бұл топтың басты субьектісі мұнай өңдеу зауыты болмақ. «ҚазМұнайГаз бұл зауыт үшін жақсы инвестор бола алар еді»,- деді Я.Пехота.
Бүгін сондай-ақ Қазақстанға сапары барысында Я.Пехота ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметовпен, ҚР индустрия және сауда министрі Сауат Мыңбаевпен, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрінің бірінші орынбасары Наталья Коржовамен кездесті.
Д.Ахметов пен Я.Пехота кездесуде кеше ғана қол қойылған экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім аясында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан -Польша комиссиясын құру мәселесін талқылады. Комиссияның алғашқы отырысы 2005-жылдың қыркүйек айында Варшавада өтеді, деді Я.Пехота.