ҚР энергктика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің айтуынша, жобаға 8,5 млрд. доллардың күрделі қаржысы құйылады. Ал пайдалану шығындары 14,5 млрд. доллар болмақ. Сөйтіп, жалпы инвестиция көлемі 23 млрд. доллар болады, деді В.Школьник.
Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» 10,13 млрд. , «Роснефть» 10,9 млрд. доллар көлемінде пайда табады. Ал мемлекет қоржынына 30,8 млрд. доллар қаржы құйылмақ.
«Біз Қазақстандағы салық режиміне сәйкес жұмыс істейтін боламыз және ол біздің көңілімізден шығады»,- деді «Роснефть» компаниясының президенті Сергей Богданчиков. Оның айтуынша, жобаның болжамдық пайдалылығы 14,2 процентті құрамақ.
Оның хабарлауынша, тараптар келісімге қол қойылған сәттен бастап 30 күн ішінде Қазақстанға 50 млн. доллар көлемінде бонус төлеуге міндеттеме жүктеп алды. «Егер одан әрі ісіміз ілгері басып, коммерциялық қор көзі ашылған жағдайда біз тағы бір бонус төлейтін боламыз. Оның мөлшері ашылған қордың мөлшеріне және сол сәттегі мұнай бағасына байланысты болмақ»,- деді компания президенті.
«ҚазМұнайГаз» президенті Ұзақбай Қарабалин өз кезегінде алғашқы ұңғы келесі жылы бұрғыланатынын, құрылымдағы барлау жұмыстары алты жылға созылатынын және бұл мерзімді екі мәрте екі жылға созуға болатынын жеткізді. «Жұмысты күтіп әбден жалыққан біз барлау жұмыстарын 6 жылға жеткізбей аяқтайтын шығармыз»,- деді Ұ.Қарабалин. Бұл құрылымдағы мұнай өндіру жұмыстары 40 жыл жалғасады.
«ҚазМұнайГаз» президенті Құрманғазы құрылымындағы жұмыстар тек Қазақстан заңдарына сәйкес іске асырылады және ауаға мүлдем қалдық тастамау принципіне бағынамыз деп атап өтті.