Жарияланды: 430

«ҚазМұнайГаз» мен "Carbon Limits AS" өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Таяуда Астана қаласында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Carbon Limits AS компаниясының (Норвегия) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлады қазақстандық компанияның баспасөз қызметінен.

Қол қою рәсіміне «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ барлау және өндіру жөніндегі басқарушы директоры Алик Айдарбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Нұрлан Сиражев, Норвегия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Даг М.Халворсен, Carbon Limits басқарушы директоры Торлиф Хаугланд қатысты. Құжаттың негізгі мақсаты - климаттың өзгеруі және мұнай-газ саласына жататын көміртекті жобаларды басқару стратегиялары мәселелері бойынша ынтымақтастық үшін негіз жасау болып табылады. Меморандум аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Carbon Limits AS компаниясы белгілі бір уағдаластықтарға қол жеткізді. Мәселен, Carbon Limits AS әлеуетті көміртегі жобаларын іріктейді, ол парниктік газдардың (ПК) ауаға тарауын қысқартуға мүмкіндік жасайды және Киото хаттамасына сәйкес көміртегі кредиттерінен кіріс алу үшін тиісті өлшемдер ретінде бағаланады. Әлеуетті көміртегі жобалары бойынша идеялардың тиісті тұжырымдамаларына дайындық және экспорт шарттарын бағалау да жүргізілетін болады. «ҚМГ» ҰК өз тарапынан жоба идеяларын халықаралық ережелерге сәйкес тұжырымдамаға талдау жасау және оны әзірлеу туралы ақпарат беретін болады. «Менің ойымша, жаһандық мұнай рыногында мұнай-газ компаниялары үшін парниктік газдардың ауаға тарауын азайту жөнінде оңтайлы шешім табу мәселелерін қарастыру және қаржы ресурстарын пайдалану мүмкіндіктерін іздестіру өте қызықты болмақ. Норвегиялық әріптестеріміздің тәжірибесі алдағы уақытта Қазақстанда парниктік газдың ауаға тарауына квота енгізуге дайындық кезінде пайдалы болмақ»,- деп атап көрсетті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ барлау және өндіру жөніндегі басқарушы директоры А.Айдарбаев. Өз кезегінде Carbon Limits-тің басқарушы директоры Торлиф Хаугланд: «Климаттың өзгеруін жұмсарту саясаты мұнай-газ саласынан парниктік газдың ауаға тарауын азайтуды талап етеді. Бұл мұнай-газ саласы компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктермен қатар қосымша жауапкершілікті де талап етеді», - деп атап өтті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть