Жарияланды: 800

"ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның басқармалары "Өзенмұнайгаз" ААҚ мен "Ембімұнайгаз" ААҚ-ын біріктіру туралы шешім қабылдады

"ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның басқармалары "Өзенмұнайгаз" ААҚ мен "Ембімұнайгаз" ААҚ-ын біріктіру туралы шешім қабылдады. "ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның президенті Ұзақбай Қарабалин Атырау қаласында "Ембімұнайгаз" ААҚ-ның еңбек ұжымымен кездесуде осындай мәлімдеме жасады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

Ұлттық мұнайгаз компаниясының басшысы өз сөзінде бұл бірігудің пайдалы тұстарына тоқталды. Атап айтсақ, Ұ.Қарабалиннің сөзіне қарағанда бірігу нәтижесінде құрылған үлкен компания олардың әрқайсысы жеке күн көрген жағдайда жүзеге асыруға келмейтін ауқымды инвестициялық жобаларды игере алады. "Біріккен компания" игерілетін мұнай қоры жөніндегі көрсеткіш бойынша Қазақстандағы екінші ірі компанияға саналып, ол 275 млн. тоннаға жетпек. "Біріккен компанияның" капитал қоры да ауқымды болмақ. Мәселен ол "Өзенмұнайгаз" ААҚ-мен салысырғанда 1,5 есе, "Ембімұнайгаз" ААҚ-мен салыстырғанда 3 есе артық болады. Ұ.Қарабалиннің пікірінше, бірігу нәтижесінде "ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның таза пайдасы өсіп, әкімшілік-басқару аппаратына арналған шығындарды азайтуға және оны оңтайландыруға жағдай жасалады. "Біріккен компанияның" бас кеңсесі Астанада орын тебеді. "Өзенмұнайгаз" ААҚ мен "Ембімұнайгаз" ААҚ-ына тиісінше "Біріккен компанияның" Өзен және Ембі филиалы деген мәртебе беріледі. Ұ.Қарабалиннің айтуынша, бірігу салдарынан жұмыс орындары қысқартылмайды, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру бұрынғы деңгейде қала береді. "Ембімұнайгаз" ААҚ-ның балансында өңделуші категориялы 39 мұнай кеніші бар. Оның құрамына 10 филиал мен 22 салалық кәсіпорын қамтылады. Жарғылық қорын ұлттық компания 100 процент қалыптастырған бұл кәсіпорындар негізгі өндіріс үшін құрылыс, тасымал және сервистік қызмет түрлерін көрсетеді. "Өзенмұнайгаз" ААҚ Өзен және Қарамандыбас мұнайгаз кеніштерін, Тасболат, Батыс Теңге, Ақтас, Оңтүстік Жетібай атты 4 газ конденсаты кеніштерін, Шығыс Өзен атты бір газ кенішін игереді. "Өзенмұнайгаз" ААҚ-ның қазіргі құрылымында орталық басқару аппаратымен бірге 18 филиал қамтылады. Сондай-ақ, "Өзенмұнайгаз" ААҚ 18 ЖШС-нің құрылтайшылары қатарында үлесі бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін