«Қазір біз Қазақстан аумағы мен шетелдерде мұнай активтерін сату үшін өткізілетін аукциондарға белсене қатысудамыз»,- деді Ж.Марабаев. Бірақ ол бұл ретте қандай активтер туралы әңгіме болып отырғанын ашып айтпады. Оның айтуынша, бұл жайындағы ақпарат БАҚ-тарға алдағы 1-2 айда мәлім болады.
«Дәл қазір бір тәртіп-ережеге сәйкес ақпаратты жария ете алмаймыз. Бірақ біздің күрделі инвестициялық жобаларға қатысу қарсаңында тұрғанымызды үлкен жауапкершілікпен мәлімдей аламын»,- деді Ж.Марабаев. Оның айтуынша, компания мұнай өндіруші бірлестіктерді сатып алуға ресми түрле оферталар тапсырған. Бұл — ұлттық компанияның мұнай өндіру мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады деп күтілуде.
Ж.Марабаевтың хабарлауынша, 2004-жыл қорытындысына сәйкес негізгі іс -қызмет түрі бойынша компания бюджетінің кіріс бөлігі қосымша мұнай көлемін сату және мұнай бағасының қымбаттауы есебінен 245,3 млрд. теңгені құрады. Өткен жылғымен салыстырғанда компанияның кірісі 64 млрд. теңгеге өсті. Мемлекеттік бюджетке төленген салықтар мөлшері 2004-жылы 63,3 млрд. теңгені құрады, бұл — жоспардағыдан 17,5 млрд. теңгеге артық.