Атап айтсақ, компания Атыраудағы «Полипропилен» зауытының мүлік кешенін иемденуші «САТ және Ко» компаниясының еншілес кәсіпорны «АТОЛЛ» АҚ мен Ақтаудағы пластмасса зауыты акцияларының 50 процентін сатып алды. Сауда-саттық шарасы 2004-жылдың желтоқсан айында жүзеге асырылды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания мұнайхимиясы саласының кәсіпорындарын үкіметте бекітілген «Қазақстан Республикасында мұнайхимиясы өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2004-2010-жылдарға арналған бағдарламасы» аясында сатып алды.
Интеграцияланған мұнайхимиясы кешенін құруға арналған алдын-ала техника-экономикалық негіздемесін жасауға арналған тендер 18-қаңтарда өткізіледі. Тендерге қатысу туралы Kellog Brown&Root (АҚШ), Toyo Engineering Corporation (Жапония), Chemieanlagenbau Chemnitz GmbH (Германия), Mitsui&Co (Жапония), Foster Wheeler International Corporation (Ұлыбритания), Shell Global Solutions (Нидерланды), Мarubeni Corporation (Жапония), ABB Lummus Global (Нидерланды) тәрізді 15 компания өтініш келтірді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылы Маңғыстау облыстық әкімшілігі полиэтилен өндіретін жаңа зауыттар салу, стирол полимерін өндіруге бағытталған химиялық-технологиялық процессті толыққанды қалпына келтіру үшін мұнай газын пайдалану туралы ұсыныспен ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігіне шыққан. «ҚазМұнайГазбен» келіссөздерден кейін ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігі аймақта ұлттық мұнайхимиялық техносаябақ құру жөніндегі жобаны мақұлдады. Жоба аясында аймақтағы мұнайхимиясы кешеніне қарасты кәсіпорындар техносаябақты дамыту мерзімінде салықтан жарым-жартылай босатылды. Бұл тізбекке Атырау және Ақтау пластмасса зауыттары мен «ҚазМұнайГаздың» құрамында жұмыс істейтін Қазақ газ өңдеу зауыты және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын қамту көзделіп отыр.
Жобаны іске қосу үшін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жылына 130 мың тоннаға дейін бензол өндіретін цехты қалпына келтіру, Жаңаөзендегі Қазақ газ өңдеу зауыты мен Ақтаудағы пластмасса зауыттары арасындағы этан құбырын қалпына келтіріп, пластмаса зауытын реконструкциялау қажет. Бұл мақсатқа жұмсалатын жалпы шығын көлемі 150-200 млн. долларды құрайды.
Аймақтағы мұнайхимиясы кешенінің толыққанды жұмыс істеуі үшін жылына шамамен 1 млрд. текше метр газ қажет. ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігі басшылығының пікірінше, 2015-жыл дегенде елімізде жыл сайын 50 млрд. текше метр газ өндірілетіндіктен, кластер газдан тапшылық көрмейді. Өйткені, еліміздің ішкі сұранысы небәрі 15 млрд. текше метрге тең. 2004-жылы Қазақстанда 20 млрд. текше метр көгілдір отын өндірілді.