«ҚазТрансГазАймақ»: «Өз мамандығының үздігі» байқауы мәресіне жетті
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалында «Өз мамандығының үздігі» байқауы мәресіне жетті. |
Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған техникалық сайысқа аталмыш филиалға қарасты Қазталов, Жалпақтал, Переметный, Дариян, Тасқала, Ақсай, Жаңақала, Жәнібек, Шыңғырлау учаскелерінен 46 адам қатысты. Күнделікті тұрмыста көгілдір отынның маңызы зор. Ал оны тұтыну, тасымалдау, құбырлар мен құрылғылардың техникалық талапқа сай болуы үшін мамандардың кәсіби біліктілігі аса қажет. Апатты жағдайларды болдырмау, алдын алу кезінде газ саласы қызметкерлерінің тәжірибелілігі мен шапшаңдығы, шеберлігі керек. Бұл шараның ерекшілігі де осында. Сайыстың мақсаты - техникалық мамандардың теориясы мен тәжірибесін ұштастырып, шеберлігін шыңдау.
Дәстүрлі байқаудың алғашқы кезеңінде сайыскерлер кәсіби қызмет пен еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы бойынша тест сұрақтарына жауап берсе, екінші кезеңде өндірістік нысанда тәжірибелілік шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар «газ шаруашылығындағы апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының слесарі», «жер асты газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі», «газ жабдығын пайдалану және жөндеу слесарі», «жер асты құбырларын таттанудан қорғау монтері», «электргаз дәнекерлеуші-ойымшы» деген бес аталым бойынша сынға түсті.
Екі күнге созылған шараның жабылу салтанатында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Амангелді Таспихов, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының орынбасары Асыланбек Сарқұлов сала мамандары мен жеңімпаздарды құттықтап, болашақта да талап үдесінен шыға берулеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ көктемгі су тасқыны кезінде қалтқысыз еңбек еткен филиал жұмысшылары басшылықтың алғысына ие болды. Байқау соңында Роман Егембердиев, Миллат Құбашев, Серік Есімов, Игорь Ким, Қали Бөкенбаев және өзге де мамандар әр түрлі аталым бойынша жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды. Техникалық сайысқа қатысушылар арасында аға буын өкілдері де, өндірісте еңбек жолын жаңа бастаған жастар да бар.
Жүлдегерлер енді республикалық сында облысымыздың намысын қорғамақ. Батысқазақстандықтар өткен жылы Тараз қаласында өткізілген ел біріншілігінде екінші орынды иемденген еді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін