Жарияланды: 600

"ҚазТрансОйл" ЖАҚ-ның жаңа бас директоры тағайындалды

"ҚазТрансОйл" ЖАҚ-ның жаңа бас директоры болып Қайрат Қырымов тағайындалды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "ҚазТрансОйл" ЖАҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлады. Бұған дейін компанияны Асқар Сманқұлов басқарған.

Қ.Қырымов 1969-жылдың 23-наурызында Алматыда туды. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ мен Атырау мұнай және газ институтын бітірген. Мамандығы экономист. 1998-жылдың мамыр айынан бері Қ.Қырымов "Маңғыстаумұнайгаз" ААҚ-ның бірінші вице-президенті , 1999-жылдың қыркүйек айынан бері "ҚазТрансОйл" ЖАҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, 2001-жылдың мамыр айынан бері "Қазтеңізтрансфлот" теңіздегі ұлттық кеме компаниясы ЖАҚ-ның бас директоры лауазымдарын иемденді. Қазақстанның ұлттық мұнай тасымалы кәсіпорны "ҚазТрансОйл" ЖАҚ ҚР үкіметінің қаулысы бойынша 1997-жылдың сәуір айында құрылды. Компанияны құруда мұнай тасымалдау, оны экспорттау және импорттау мәселесінде ұлттық мүддені қорғау, салалық кәсіпорындарды басқаруды оңтайландыру, инвестициялар тарту, сондай-ақ, еліміз аумағындағы барлық магистральдық мұнай құбырлары үшін біртұтас баға саясатын ұстану қажеттігі ескерілді. "ҚазТрансОйл" ЖАҚ қазіргі таңда республикамыздағы мұнай құбыры жүйесі арқылы Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 70 процентін тасымалдауды қамтамасыз ететін магистральды мұнай құбырларының тармақталған желісін иелігіне алған. Компания мұнайды экспортқа және мұнай өңдеу зауыттарына тасымалдау, құбыр жүйелерін жетілдіру жұмыстарын жүзеге асырады. "ҚазТрансОйл" ЖАҚ-ның бірден-бір акционері - "ҚазақМұнайГаз МК" ЖАҚ болып табылады. Қазіргі таңда "ҚазТрансОйл" еліміздің 8 облысының аумағы арқылы өтетін 2000 шақырымдық су таратқыш құбырлар мен 6400 шақырымдық магистрльды мұнай құбырларын пайдаланады. Компания құрамында 39 насосты-айдау станциялары бар. Мұнай қоймаларының жалпы көлемі 1200 мың текше метрді құрайды. "ҚазТрансОйл" ЖАҚ-ның жүйесіне Өзен-Атырау-Самара, Қаламқас-Қаражанбас-Ақтау, Жаңажол-Кеңқияқ-Орск, Омбы-Павлодар-Шымкент-Чарджоу бағыттарындағы магистральды мұнай құбырлары қамтылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін