Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы muftyat.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде бүкіл әлем халқына коронавирус қаупі үрей сеуіп, дерттің өзінен гөрі күннен-күнге өршелене түскен дақпырты мен дабылы дүние жүзін дүрліктіруде.
Жаңалықтан да еститініміз, жан-жақтағы жұрттың көбі шекарасын қымтап, қауіптің бетін алған бірқатар сақтық шаралары жүзеге асырылған. Аллаға шүкір, аталмыш дерттің біздің елімізде белгісі де жоқ, шеттен келген азаматтарымыз дін аман. Алайда «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, төрткүл әлемге түгел қауіп төндірген дертке немқұрайлық танытып, немкетті қарау – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері бек мүмкін. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің әрбір азаматын қоғамдық орындарда тазалық ережелерін сақтап, өз денсаулықтарына асқан мұқияттылықпен мән беріп, сақтанып жүруге шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранда адамзат баласына: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерту жасаған. Алла берген аманат – өз өміріміз бен денсаулығымызға дұрыс күтім жасамай, қауіп-қатерге көзсіз ұрынар болсақ, түбінде опық жейтініміз сөзсіз. Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде: «Кімде-кім есінесе қолымен аузын жапсын, өйткені зиянды нәрселер аузына кіреді», – деп бұйырған.