Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің түпкір-түпкірінде дәстүрлі діни құндылықтарды белсенді түрде насихаттауға кірісті.
«Жыл басынан бері біз елдегі діни ахуалды мониторингтен өткіздік. Осыған орай, арнайы аймақтық және республикалық ақпарат-насихат топтары құрылды», — деп сәрсенбіде өткен брифингте Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мәлім етті.
Жалпы, бес адамнан тұратын алты топ құрылды. Оған білікті теологтар мен жер-жердегі ахуалды жақсы білетін имамдар кірген, деді ол.
«Соңғы алты айда осы топ мүшелері діни сауатын ашуға мұқтаж халық арасында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Алматы мен өзге де облыстарда, сондай-ақ, түзеу мекемелерінде насихат жүргізіп жатыр. Деструктивтік ағымдардың таралуына жол бермеу және дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау мақсатында жастармен жұмыс істейміз», — деді ҚМДБ басшысы.
Сонымен қатар, дәстүрлі емес ағымдардың белсенділерімен кездесулер өтті.
«Ақпараттық-насихат жұмыстарының нәтижесінде Қарағанды облысында 45 адам, Жезқазғанда 35 адам, Сәтпаевта 12 адам салафит ағымын тастап, дәстүрлі исламға қайтып оралды», — деді Ерлан қажы.
Топ мүшелері 62 қала, 122 аудан, 33 елді мекен, 200-ден астам жоғарғы және орта оқу орны мен 1,5 мыңнан астам орта мектепте болған.
Насихат жұмыстары алдағы уақытта әсіресе, батыс және солтүстік өңірлерде жалғасын табады, деді бас мүфти.