Жарияланды: 420

Қоғамдық палата заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізуге бағытталған заң жобасын талқылады

Бүгін елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бас ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның отырысы өтті.

Жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға салынды. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2009 жылғы 2 желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес әзірленген заң жобасымен Қазақстан Республикасының Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және өзге де заңнамалық актілерге толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, бірқатар экономикалық, экологиялық, сыбайлас жемқорлық және террористік қылмыстары үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу қарастырылған. Сондай-ақ заңды тұлғалардың қылмыстары туралы істер бойынша іс жүргізу тәртібін реттеуге, сондай-ақ заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын қылмыстық жазаларды орындауға, заңды тұлғалар үшін оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға байланысқан бірқатар шектеулер енгізуге бағытталған түзетулер енгізу ұсынылады. «Экономикалық қылмысқа және сыбайлес жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік осы заң жобасын әзірлеген болатын. Ағымдағы жылғы 30-наурызда ҚР Президенті жанындағы Құқықтық кеңесте жобаның талқылануы құжаттың маңыздылығын көрсетсе керек. Бұл жиында заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін қамтитын үлгі негізді деп танылған еді. Сонымен қатар, заң жобасын Мәжілісте талқылау барысында заңды тұлғалар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыруды құптағандар да, құжатқа қарсылық танытқандар да болды. Сондықтан да, заң жобасы әрбір қазақстандықтың мүддесін қозғайтындықтан, құжатты Қоғамдық палатаның талқысына шығаруды жөн санадық», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген Палата төрағасы депутат Владимир Бобров. Тоқтала кететін жайт, қазіргі уақытта заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі Францияда, Германияда, Бельгияда, Данияда, Жапонияда, Канадада, АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда, Голландияда, Норвегияда, Австрияда, Иорданияда, Ливанда, Сирияда, Қытайда, Үндістанда, Румынияда, Молдовада және Литвада белгіленген. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін құру қажеттілігінен туындаған. Жауапкершіліктің мұндай түрі қылмыстық көріністерден залалдың орнын толтыру деңгейін көтереді, себебі заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі бар болғанда оларға тікелей мүліктік санкцияларды қолдануға мүмкіндік туады. Қоғамдық палатаның талқысынан соң оның мүшелері заң жобасына қатысты ұсынымдар қабылдады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть