Біздің стипендиат талантын мектеп қабырғасында көрсете бастаған. Ғылыми, музыкалық, спорттық жарыста талай жеңіске жеткен. Диана «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері.
— Мен мұғалімдер отбасынан шыққанмын. Содан болар, бала кезден оқуға барынша жауапкершілікпен қарап, әрқашан шығармашылық тапсырмаларды орындауға қызығушылық таныттым. Меніңше өмірде бір нәрсемен шектелмеу керек, сондықтан өзімді түрлі салада үнемі сынап көремін, — деді Диана Сұлтанғазинова.
Ғылыми қызметы студент кезінде де жалғасты. Ол «О гипотезе Пьера Ферма о простых числах» (Павлодар, 2020) және «Отношения элементов множеств» (Новосибирск, 2021) мақалаларының авторы. 2021 жылы «Toraighyrov University» командасында «Инженер-гуманист – реальность времени» аймақтық пәндік студенттік олимпиадада үшінші орын алды. Ал былтыр желтоқсан айында Петрозаводскіде өткен «Жыл студенті 2022» халықаралық оқу-зерттеу байқауының жүлдегері атанды.
Диана шәкіртақы туралы өзінің ғылыми жетекшісі И.И.Павлюктен білген. Жетістіктері мен жоғары GPA-сы болғасын өзін Қордың байқауында сынап көруді шешкен.
— Критерийлердің ашықтығы мен кедергілердің болмауы стипендия иегері болуға көмектесті. Стипендия бұл үлкен мотивация және алға ұмтылу, өйткені осындай мәртебеге қол жеткізу өсуге және одан әрі дамуға ынталандырып, сенімділікті арттырады. Қазір белсенді жастарда барлық мүмкіндік бар. Өзіңізге сеніңіз, жалқау болмаңыз, сіздің қолыңыздан бәрі келеді – деп сөзін түйіндеді Диана Сұлтанғазинова.