Жобаның басты мақсаты — 4-тен 18 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін 2000 бала мен медициналық-әлеуметтік мекемелердегі жетім балалардың өмір сүру сапасын жақсарту.
Дәрісті итальяндық жетекші мамандардан тәлім алған «Кеңес» мүгедектерді кешенді оңалту орталығының мамандары жүргізеді.
Бұл оқудың бірінші кезеңінде 2020 жылдың қазан-қараша айлары аралығында өткен әрі еліміздің 16 өңіріндегі балаларға арналған 20 медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі 200 маманды қамтыған онлайн семинарлар көрсетіледі.
Оқудың екінші кезеңінде Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Қостанай, Атырау облыстары мен Шымкент қаласындағы 8 аймақтық медициналық-әлеуметтік мекемеде көшпелі семинарлар өткізу жоспарланған.
Алғашқы семинар осы аптада Түркістан облысының №4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында өтті. Онда тірек-қимыл аппараты бұзылған 101 бала бар. Тәжірибелік семинарға дефектолог, психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, әлеуметтік жұмыс маманы, тәрбиеші, еңбек терапевті сынды 32 маман қатысты. Көшпелі семинарда медициналық-әлеуметтік мекеме мамандары онлайн курстағы теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануды үйренді.
«Біздің дүниетанымымыз, көзқарасымыз, жұмысқа деген ойымыз 360 градусқа өзгерді», — дейді Ляззат Есназарова, Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры. — Топтық бағалау тактикасы, тиімді коррекциялық дәрістер мен құжаттаманы ақпараттық толтырудан бастап мекеме кеңістігінің эргономикасына дейінгі талай дүниені үйрендік. Ерекше күтімді қажет ететін балалармен жұмыс істеу және соларға әлеуметтік қызмет көрсетудің тың тәжірибесін үйренуге жол ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қорына алғысым шексіз».