Егер барлық қабылданған жоспарлар жүзеге асатын болса, Корей жарты түбегіндегі қос мемлекеттің хоккей спортшылары бір топта, одақтас тудың астында өнер көрсетеді, деп хабарлайды 24.kz.
Екі елдің арасын бөліп тұрған демилитациялық зонада өткен кездесуде Солтүстік Корея алдағы спорт додасына 230 жанкүйер, 30 таэквондо шебері, 140 оркестр музыканттан тұратын делегация құрамын жіберуге келісті. Одан бөлек, Пиоңяң көрші мемлекетте наурыз айында өтеді деп жоспарланған паралимпиада ойындарына 150 адамнан тұратын шағын құраманы аттандыруға ниет білдірді.
Сондай-ақ спорт тарихында алғаш рет Олимпиада ойындарында екі елдің хоккейден әйелдер құрамасы бірлесіп, бір командада бақ сынасады. Солтүстік Кореяның жарысқа қатысатын спортшылар мен командаларды тіркеу мерзімінен кеш қалып қойғанына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті осы сенбіде Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін жиында қос мемлекет арасында жасалған келісімді қарастырады.
Оңтүстік Кореяның алдында көрші мемлекет делегациясының келіп-кетуін БҰҰ-ның Пхеньянға қарсы енгізген санкцияларын бұзбастан қамтамасыз ету міндеті тұр.
Оңтүстік Кореяның хоккей құрамасының жаттықтырушылары мен бірқатар консервативті көзқарастағы басылым өз спортшыларының «Солтүстік Кореямен бір командада өнер көрсетуі, олардың жеңіске жету ықтималдығын азайтады» деп наразылық білдірді. Ондаған мың адам мемлекет басшысынан келісімнің күшін жоюды талап етіп, онлайн петицияға қол қойғаны туралы ақпарат бар.
Сәрсенбі күні Оңтүстік Кореяның Президенті Мун Жайн бұл қадамның қос мемлекеттің қарым-қатынасына оң әсер ететінін ерекше атап өтті. Жапония премьер-министрі Таро Коно «Солтүстік Кореяның көршісіне жылы қабақ таныта бастауы, оған қарсы қолданылған санкциялардың оң нәтиже бергенін көрсетеді» деп есептейді және әріптестерін экономикалық қысым шараларын өзгеріссіз қалдыруға шақырады.