ІІББ бастығының айтуынша, 2004-жылғы бастапқы 5 айдағы қылмыстық ахуалға жасалған талдау қорытындысы аймақтағы жағдайдың ушыға түскенін көрсетіп отыр. Өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда жалпы қылмыстар саны 18 процентке артқан. Әсіресе басқаның мүлкін тонау қылмысының көрсеткіштері 32 процентке, көшедегі тонаушылық оқиғалар 42,3 процентке, зорлау оқиғалары 26,3 процентке артқаны байқалады.
«Қазіргі қылмыстық көрсеткіштердің артуы шын мәнінде қылмыстық ахуалдың нашарлауына емес, бірінші кезекте, құқықтық статистиканы жүргізу тәртіптерінің күшейтілуіне байланысты»,- дейді М.Жаманбаев. Оның пікірінше, қылмыстарды жасырғаны үшін ішкі істер мекемелерінен қууға дейінгі қатаң шаралар мен ауыр қылмыстарды әшкерелегені үшін марапаттау шаралары қылмыстық ахуалды әжептуір оңалтуы тиіс.
Пәтер тонау, мал барымталау, көшедегі тонау оқиғалары, телефон терроризмі, сондай-ақ, ауыр қылмыс түрлерінен қыз зорлау және кісі өлтіру тәрізді кеңінен таралған қылмыстардың бетін ашу тұрғысынан жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген тәртіп сақшылары 100-ден 1000 АҚШ долларына дейінгі сыйақыға үміт арта алады.
М.Жаманбевтың айтуынша, тәртіп сақшылары халық арасында түсініктеме жұмыстарын жүйелі жүргізетін болады. «Қылмыс туралы шағым түсіруден бас тартқан әрбір жәбірленуші өзінің бұл әрекеті арқылы қылмыскерлер мен бұзақылардың жазасыз құтылып кететіндігі жөніндегі сенімін нығайта түсетінін ұғынуы тиіс»,- деді ол.
Ішкі істер органы қызметкерлерін марапаттайтын сыйлық қоры ішкі қажеттіліктерге жұмсалатын қаржыны тиімді үнемдеу есебінен қалыптасады. ІІББ бастығының айтуынша, 2004-жыл басынан бері осындай үнемдеу жолымен 10 млн. теңге жиналған.