Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, 323 келі 972 грамм марихуана жол үстіндегі тексеру барысында құпия қоймадан табылған. Есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен ұсталған 22 және 23 жастағы Қостанай тұрғындарын сот айыпты деп тауып, екеуін де 4 жылға бас бостандығынан айырған. Олар жазаны жалпы тәртіпті абақтыда өтеуге тиіс.
Ал 3,57 грамм героинді Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің есірткі саудасымен күрес басқармасының қызметкерлері 62 жастағы зейнеткер әйелдің үйінен тапты. ҚР Қылмыстық кодексінің 259-бабы бойынша оны айыпты деп тапқан сот жалпы тәртіпті абақтыға 6 жылға қамауға үкім шығарды.
Есірткілер үкім күшіне енгеннен кейін арнаулы комиссияның шешімімен өртелді.