Қостанайда бағаның алғашқы қымбаттауы 9 мамырда байқалды. Күріш бағасы 8 мамырда 90 теңге тұрса, келесі күні 150 теңгені құрады. Екінші қымбаттау сейсенбі күні болды. Базарлардағы баға бір күн ішінде бірнеше мәрте қайта жазылып, соңында күріштің бір килосына 165 теңге мен 250 теңге арасындағы ақы сұрайды. Бұл ретте саудагерлер «Қазақстан Бүгін» агенттігінің тілшісімен болған әңгімеде бағаның көтерілуі әр сағат сайын жалғасуда деп сендіріп бағуда.
Жарма өнімдерін көтерме саудалаумен айналысатын фирмалардың менеджерлері де агенттік тілшісіне күріштен басқа қарақұмық 20 теңгеге (130 теңге), бұршақ — 8 теңгеге (80 теңге) және өсімдік майы 30 теңгеге (литріне 330 теңге) қымбаттағанын растады. Бұл қымбаттау немен байланысты деген сауалға көтерме сауда жасаушылар осы тауарларды өндірушілер өз бағаларын көтерді деп жауап берді.
Қызылордадан Қостанайға ірі күріш тасымалдаушы «Дик-хан» компаниясының менеджері агенттік тілшісімен болған телефон әңгімесінде олар өндірген күріштің шығу бағасы 150 теңге екенін растады.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Виктор Мейстер әкімдіктің баспасөз қызметі арқылы «Қазақстан Бүгін» агенттігінің тілшісімен әңгімеден және қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Дегенмен ол Қостанай қоймаларында жарманың жеткілікті екенін хабарлады.
Айта кетер тағы бір жайт, жұмыс күнінің ішінде Қостанайда күріш пен басқа да жарма өнімдеріне деген ешқандай кезек, сондай-ақ, қауырт сұраныс болған жоқ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті