Семинарда ауылшаруашылығы тауар өндірушілері мен мемлекет алдында тұрған өзекті мәселелер талқыланды. Мәселен, А.Есімов өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру мәселесіне тоқталды. «Баршамыз міндетті сақтандыру туралы заңды күтіп, оны қолдаған едік. Ал қазір қарап отырсақ, облыстардың басым бөлігінде сақтандырудан жұртшылық мүлдем бейхабар болып шықты»,- деді вице-премьер.
Семинар-кеңесте шаруа қожалықтарын қайта құрылымдау процессі жеке тақырып ретінде сарапқа салынды. Семинарға қатысушылар ауылшаруашылығындағы ахуал ұсақ шаруашылықтарды өзара біріктіріп, ірілендіру қажеттігін айғақтап отыр деген ортақ тұжырымға келді. Ауылшаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, шаруа қожалықтарын біріктіру процессі республика көлемінде белсенді жүзеге асырылуда. Қостанайлық ауылшаруашылығы мамандары бұл ағымға мысал ретінде Федоров ауданын атады. Мұнда осыдан екі жыл бұрын 1,5 мың ұсақ шаруашылықтар болса, қазір олардың саны 500 болған. Жергілікті мамандар бұл сан алдағы уақытта 300-ге дейін кемиді деген болжам айтады.
Семинар-кеңеске қатысушылар Қостанайдағы шаруа қожалықтарын аралады. Облыс әкімі Сергей Кулагиннің айтуынша, Қостанай облысындағы егістік алқаптарының әрбір гектарынан 10 центнерден түсім жиналады деп күтілуде.
Республиканың 12 облысының өкілдері шақырылған семинар «Заречное» РМК тәжірибелік шаруашылығының базасында өткізілуде. Мұнда соңғы бірнеше жылдан бері ылғал сақтау технологиясы қолданысқа енгізіліп, жақсы нәтиже беріп келеді.