Бас бостандығынан заңсыз айрылып, ұзақ уақыт бойы басыбайлы құлдықта болған адамдарды бұғаудан босату операциясын 15-қаңтарда ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жүзеге асырды.
ІІББ бастығының бастығы Мейірхан Жаманбаевтың айтуынша, бұл адамдар бастапқыда Жетіқара ауданындағы бір ірі шаруа қожалығына жұмысқа шақырылған. Жақсы жалақы төлейміз және тойғызып тамақтандырамыз деген уәде беріліпті. Алайда, артынан әлгі адамдарды ұзақ уақыт бойы бостандыққа жібермей, таң ағарып атқаннан қас қарайғанға дейін ешбір демалыссыз, тізе бүкпей жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Қашуға әрекет жасағандарды ұстап алып, қалған жұмысшылардың көзінше соққыға жығып отырған.
Шаруашылық қожайынның туыстары мен қабаған иттердің қорғауында болған.
ІІББ-ның мәліметі бойынша, алданған адамдардың алды бұл шаруа қожалығында 3 ай, кейбірі тіпті бес жыл ғұмыр кешкен.
Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Адамдарды заңсыз бас бостандығынан айырды деген күдікпен үш адам қамауға алынды.