Сөйтіп, ҚР ақпараттандыру және байланыс жөніндегі Агенттігі DCS-1800 стандартты жаңа байланыс операторына радиожиіліктерді беруге арналған байқауды белгісіз мерзімге кейінге қалдырды. Сот шешімі 4-тамызда қабылданды.
Қ.Асыловтың айтуынша, 2004-жылдың 18-мамырында Астана қалалық сотына «Гранада» ЖШС-інен шағым келіп түскен. Шағым иесі онда ҚР ақпараттандыру және байланыс жөніндегі Агенттігі төрағасының жаңа ұялы байланыс желісін құру үшін 1800 МГц жиілігі диапазонында радиожиіліктерді таратуға байқау жариялау туралы бұйрығын заңсыз деп тануды сұраған.
Атап айтсақ, шағым иесі байқау құжаттары арасынан ҚР ақпараттандыру және байланыс жөніндегі Агенттігінің басшылығына өздері қаламаған кәсіпорындарды байқауға қатыстырмай қоюға және «Әділетті бәсекелестік туралы» ҚР заңына мүлдем қарама-қайшы, бір ғана үміткердің қатысуымен байқау өткізуге мүмкіндік беретін алалау сипатындағы ережелерді алып тастауды өтінген.
Процесс кезінде «Байланыс туралы» жаңа заң бекітіліп, ол 2004-жылдың 10-шілдесінде жарияланды. Заңда радиожиіліктерді тарату жөніндегі байқауларды өткізудің жаңа шарттары айқындалып, оған сәйкес жиіліктерді тарату ҚР радиожиіліктер жөніндегі мекемеаралық комиссиясының нұсқауы бойынша «ашық әрі әділ» өткізілуі тиіс делінді.
Сотқа жауап беруші ретінде қатысқан ҚР ақпараттандыру және байланыс жөніндегі Агенттігі шағым иесі мен соттың тұжырымымен толық келісті. Нәтижесінде агенттік басшылығы радиожиіліктерді таратуға байқау жариялаудың жаңа тәртіптері дәйектелмейінше, байқау өткізу мерзімін шегере тұруға шешім қабылдады.