QR арқылы көмек сұраған ұрпақ: Балаларды қорғау жүйесі қалай өзгеріп жатыр?  - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
QR арқылы көмек сұраған ұрпақ: Балаларды қорғау жүйесі қалай өзгеріп жатыр? 

QR арқылы көмек сұраған ұрпақ: Балаларды қорғау жүйесі қалай өзгеріп жатыр? 

2025 жылдың басынан бері көмек сұраған балалардың саны артқаны байқалып отыр. Бірыңғай ұлттық байланыс орталығына жыл басынан бері 110 999 өтініш түскен.

  • 7 Қараша
  • 126
Фото: pinterest.com

Сарапшылардың пікірінше, балалар көмек сұрауға және өз мәселесін ашық айтудан жасқанбайтын болған. Caravan.kz медиа порталының тілшісі балаларды қорғау жұмыстары қалай іске асып жатқанын анықтап білді. 

Онлайн формат балалар үшін қауіпсіз арнаға айналды

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің дерегінше, 110 999 өтініштің басым бөлігі мектептер мен колледждерге орнатылған QR-кодтар арқылы жіберілген. 2012 бала ғана телефон арқылы хабарласқан.

Комитет мәліметінше, 3499 балаға психологиялық көмек көрсетілсе, 1602 жағдай мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешілген. Қалған өтініштер ақпараттық-кеңес беру сипатында болған. Балалар өз құқықтары, зорлық-зомбылықтан қорғану жолдары және көмек алуға болатын орындар туралы сұрақтар қойған.

Өңірлер арасында Алматы қаласы көш бастап тұр — 9160 өтініш, одан кейін Батыс Қазақстан облысы — 7654, Түркістан облысы — 7478. Ең төмен көрсеткіштер Ұлытау облысында — 1017, Солтүстік Қазақстан облысында — 1738, Абай облысында — 1765 өтініш тіркелген.

Барлық кешенді әрекет етуді қажет ететін жағдайлар тиісті министрліктердің, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен қаралған. Осылайша байланыс орталығы отбасылық кикілжіңдерден бастап мектептегі буллингке дейінгі мәселелерде балаларға көмек көрсетудің тиімді құралына айналып отыр.

«Көптеген бала үшін жазу — қорқынышын айтуға қауіпсіз жол»

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова қазіргі балалардың көмекке жүгінуде жазбаша хабарламаны жиі таңдайтынын айтады. 

«Көптеген бала үшін ішіндегісін жазу қорқынышы мен уайымын айтуға қауіпсіз жол, әсіресе қасында сенім артатын ересек адам болмаған кезде», — дейді ол.

Мысалы, бір оқушы қыз QR-код арқылы психологиялық көмек сұрап жүгінген. Мамандармен бірнеше онлайн және офлайн кеңес өткізілгеннен кейін ол оқуына қайта оралып, эмоционалды жағдайын қалпына келтірген.

Бүгінде қысқа «111» нөмірі заң жүзінде баланың құқықтарын қорғаудың ұлттық тетігі ретінде бекітілген.

«Осы нөмірді міндетті түрде білу керек. Ол балалықпен қоса өмірді де сақтап қалуы мүмкін», — деп атап өтті Насымжан Оспанова.

Балаларды қорғау жүйесі күшейтілуде

Екі жыл бұрын, күзде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Содан бері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тұтас жүйе қалыптасты. Тиісті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданды.

Қазір әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар жұмыс істейді. Қорғаншылық органдарының қызметкерлері саны артып келеді. Мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR «111» жүйесі арқылы балалармен тікелей байланыс орнату тәсілі енгізілді.

«Бүгінгі басты міндет – қабылданған барлық шараларды сапалы жүзеге асыру. Осы бағытта Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлескен ауқымды жұмыс жүргізілуде», — делінген ресми мәлімдемеде.

Аймақтарда осы шараларды іске асыру барысында шешімді қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, қысқа уақыт ішінде орын алған оң өзгерістер де байқалып отыр.

Ауыр қылмыстар мен педофилия деректері азайды

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қылмыстық кодекстің бес бабымен қаралатын балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 18%-ға азайған. Ал тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген педофилия фактілері 24%-ға төмендеген.

«Адам өлтіру» және «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелген» баптар бойынша қылмыстар да азайған, тиісінше 22% және 50%-ға төмендеді.

«Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы — қабылданған шаралардың тиімділігінің айғағы. Алайда әр статистикалық көрсеткіштің артында бір баланың тағдыры тұр. Біздің мақсатымыз – әр баланың өмірі үшін күресу, мұндай қылмыстардың мүлде болмауы үшін барлық күш-жігерімізді салу», — деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Суицидтің алдын алу – басты назарда

Соңғы жылдары балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылуда. Барлық өңірде Психологиялық қолдау орталықтары ашылып, біртұтас профилактикалық бағдарлама енгізілді. Осының нәтижесінде жағдай тұрақтана бастаған. Кейінгі 10 жылда алғаш рет Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының айтарлықтай азаюы тіркелді.

«Дегенмен, алда әлі көп әрі мұқият атқарылуы тиіс жұмыс тұр. Негізгі себептерді терең зерттеп, тәуекелдерді уақтылы анықтап, балаларға сапалы сүйемелдеу мен психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажет», — дейді Зәкиева.

Оның айтуынша, балалар суицидтерінің 60%-ы отбасындағы қиын қарым-қатынастармен байланысты.

«Бізге келіп түсетін немесе балалар өз өмірлерін қию алдында қалдырып кететін мыңдаған хаттар мен хабарламаларға сүйене отырып — өз отбасынан түсіністік пен жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, мен ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу жасағым келеді. Балаға ең керегі – сіздердің махаббаттарыңыз, қамқорлықтарыңыз және түсініктеріңіз. Бала әрқашан сіздердің оның қасында екенін, оның жалғыз еместігін, қандай жағдай болмасын отбасының қолдауы мен қорғауын сезінуі керек», — деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Перейти к новостям спорта