ҚР ауылшаруашылығы және энергетика министрліктерінің күш салуы арқасында дихандарға арналған жанар-жағармай бағасының литрі 22-23 теңгеге дейін арзандады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР ауылшаруашылығы  және энергетика министрліктерінің күш салуы арқасында  дихандарға арналған жанар-жағармай бағасының литрі 22-23 теңгеге дейін арзандады

ҚР ауылшаруашылығы және энергетика министрліктерінің күш салуы арқасында дихандарға арналған жанар-жағармай бағасының литрі 22-23 теңгеге дейін арзандады

ҚР ауылшаруашылығы және ҚР энергетика және минералды ресурстар министрліктері мен ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қолдау Агенттігінің күш салуы арқасында ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған жанар-жағармай бағасының литрі 22-23 теңгеге дейін арзандады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің машина жасау және техникалық өкілдік департаментінен хабарлады.

  • 21 Тамыз 2003
  • 707
Фото - Caravan.kz

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР ауылшаруашылығы министрлігі ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігі мен ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қолдау Агенттігіне хат жолдап, онда еліміз рыногінде 10-шілдеден бастап жанар-жағармай бағысының шұғыл қымбаттауына байланысты ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер үшін бағаны арзандатуға қолдау көрсетуді өтінген болатын. Жыл сайынғы күзгі дағдыдан жаңылмаған биылғы қымбаттау дәстүрлі деңгейден біршама жоғары болып, ішкі рынокқа жанар-жағармай шығару доғарылды. Айталық, 10-тамызда бір литрі 22-24 теңгені құраған PetroKazakhstan Products ААҚ-ның дизельдік отынының бағасы бір литріне 30-34 теңгеге дейін немесе бір тоннасына 234 долларға дейін көтерілді. PetroKazakhstan Products ААҚ-ның бұл қадамынан Павлодар мұнай өңдеу зауыты да қалыспай, бағаны қымбаттатып жіберді. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты күзгі далалық жұмыстарға қажетті жанар-жағармайдың 60 процентін қамтамасыз ететіні белгілі. Бұл 385,4 мың тоннаны құрайды.

24-шілдеде ҚР энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары Ләззат Қиынов мұнай өңдеу зауыттары, ҚР ауылшаруашылық министрлігі мен әкімшіліктердің ауылшаруашылық департаменттері өкілдерін қатыстыра отырып кеңес өткізген. Кеңесте ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған дизельдік отынның бір тоннасын 185 доллардан асырмау туралы бірлескен шешім қабылданды. Алайда бұл шешімді орындамаған PetroKazakhstan Products бір тонна отынның бағасын 233-234 долларға дейін өсіріп жіберді.
2-тамызда вице-премьер Сауат Мыңбаев ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қолдау Агенттігінің өкілдерін қатыстыра отырып PetroKazakhstan Products ААҚ-ның монополияға қарсы күрес заңының талаптарын орындау жағдайына назар аударды. Сөйтіп, үш бірдей мемлекеттік мекеменің ортақ шешімі арқасында ауылшаруашылығына арналған жанар-жағармайдың бағасы PetroKazakhstan Products ААҚ мен Павлодар мұнай өңдеу зауытында тоннасына 185 долларға дейін, ал Атырау мұнай өңдеу зауытында 160 долларға дейін арзандатылды. Сонымен қатар, Атырау мұнай өңдеу зауытында шикі мұнай өндіру көлемі арттырылып, «ҚазақМұнайгаз» сауда үйі қолда бар қорының біраз бөлігін ауылшаруашылығының қажеттігіне арнап жөнелтті .
Қазіргі жағдаймен еліміздің ауылшаруашылығы саласының жанар-жағармаймен жалпы қамтамасыздық деңгейі 74 процентті құрайды. Дәнді дақыл түрлерін жаппай жинауға көшкен оңтүстік өңірде жанар-жағармай қамтамасыздығы кестеден кешеуілдеп отыр.
Келісім шартына сәйкес қазір Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы мұнай базаларына жанар-жағармай жаңа бағамен жеткізіле бастады. Осы аптаның соңында арзандатылған жанар-жағармай еліміздің басқа аудандарына да, соның ішінде егін орағына енді ғана кіріскен астықты аудандарға да жеткізіле бастайды.

Соңғы жаңалықтар