Жарияланды: 580

ҚР бас прокуратурасы алғаш рет Қазақстанда ұсталған қылмыскерді Германия құқық қорғау мекемелеріне табыс етеді

2004-жылдың 28-қаңтарында Қазақстан тарихында тұңғыш рет ГФР азаматы болып табылатын қылмыскерді өз еліне экстрадициялау шарасы Алматы әуежайында жүзеге асырылады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, Қазақстан полициясы ГФР азаматы Теодор Ридельді Германия құқық қорғау мекемелерінің Интерполға берген сұрауы бойынша тұтқынға алған. Өз елінде ол аса үлкен мөлшерде есірткі контрабандасымен айналысқан күдікті болып саналады. Т.Ридель 2003-жылдың 29-қазанында Алматыда ұсталды. Алматы қалалық прокуроры оған қатысты экстрадициялық тұтқындау шарасын жүзеге асырды. ГФР әділет министрлігінен келтірілген экстрадициялық құжаттарды қарап көрген ҚР Бас прокуратурасы Т.Ридельді өз еліне кері қайтару туралы өтінішті қанағаттандыруға шешім қабылдады. Қылмыскерді құқық қорғау мекемелеріне өткеріп беру мәселесі Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшілігімен ынтымақтастық негізінде дәйектелді. Өз кезегінде Германия жағы ҚР Бас прокуратурасына Қазақстан аумағында қылмыс жасаған адамды кері қайтарып беру туралы өтініш түскен жағдайда осындай құқықтық көмектен бас тартпау жөнінде тиісті тәртіппен рәсімделген кепілдеме берді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін